Келес ауданында ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Соның айқын дәлелі – ауданның жас спортшыларының республикалық додада топ жарып, ел чемпионатының жүлдесіне ие болуы.
10–13 тамыз күндері Түркістан қаласында 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында аударыспақтан XIV Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге еліміздің 12 облысынан 160-қа жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыста Келес ауданының жас балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, қоржынға 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль салды.
Атап айтқанда, Әбілда Нұрымжан 68 келі салмақта, Архабай Жолтай 80 келі салмақта жеңімпаз атанып, Қазақстан чемпионы болды. Ал Мадәлі Абдулла 74 келі салмақта күміс жүлдеге ие болса, Шотбай Нұрасыл 42 келі және Расул Жүсіпәлі 59 келі салмақта қола медаль иеленді.
Жас спортшылар Келес аудандық ұлттық спорт клубының аударыспақ бөлімінде жаттығады. Олардың бапкерлері – Махаметжан Амалдықов пен Нұрболат Жасұзақ. Жүлдегерлердің барлығы Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі №64 жалпы орта мектептің оқушылары.
Жеңімпаз спортшыларды Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қабылдап, олардың ел намысын абыроймен қорғағанына алғысын білдірді.
«Сіздердің бұл жетістіктеріңіз – өздеріңіз үшін ғана емес, Келес ауданы үшін де үлкен абырой. Ұлттық спортты ұлықтап, республикалық деңгейде ауданымыздың намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінгендеріңіз қуантады. Бұл нәтиже – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және бапкерлердің кәсіби жұмысының жемісі. Алдағы уақытта да биіктерден көрініп, ел мерейін үстем ете берулеріңізге тілектеспін. Бастысы – спорттағы жетістіктеріңізбен қатар, білімге де көңіл бөліп, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін», – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Кездесу барысында аудан әкімі жас чемпиондарға ризашылығын білдіріп, олардың спорттағы жетістіктерін одан әрі арттыруға барлық мүмкіндік жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ спортшыларға жаңа жеңістер мен сәттілік тіледі.