Полицияның Жедел басқару орталығы құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, жауапсыз әрекеттері қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, қаланың көркін бұзатын азаматтарды да анықтайды.
Мәселен, бейнебақылау камерасына қоларбамен жүріп келе жатып, қоқысты көшеге тастап кеткен 66 жастағы әйел түсіп қалған. Ол қалдықтарды қоғамдық аумақта қалдырып кеткен.
Алайда жауапкершіліктен жалтару мүмкін болмады. Бейнебақылау жүйесінің көмегімен құқық бұзушының жеке басы жедел анықталды. Әйел қала аумағын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, өзі тастаған қоқысты қайта жинауға міндеттелді.
Полиция ескертеді: қаланың тазалығы мен тәртібі әрқайсымызға байланысты. Жас ерекшелігі де, өзге де жағдайлар абаттандыру қағидаларын сақтау және айналадағы адамдарды құрметтеу міндетінен босатпайды.
Естеріңізде болсын: бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтарды ғана емес, әрбір азаматтың өз қаласына деген көзқарасын да тіркейді.