Төтенше жағдайлар департаментінде Қазақстан Республикасының Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
ТЖД 30-дан астам қызметкері кәсібилігі, мінсіз қызметі және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды. Сондай-ақ «Үздік газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшесі — 2026» атағы үшін өткен жарыста жеңімпаз атанған газ-түтіннен қорғау қызметінің қызметкерлері ерекше атап өтілді.
Алматы қаласы ТЖД бастығы, полковник Д.М. Ермағамбетов жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, азаматтық қорғау жүйесін дамыту бағытындағы жеткен жетістіктерді атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы жүргізіліп, материалдық-техникалық база нығайтылып, жеке құрамның қызмет ету жағдайлары жақсартылуда. Мұның барлығы бөлімшелердің дайындық деңгейін арттырып, қала тұрғындарын тиімдірек қорғауға мүмкіндік береді.
Жеке құрамға кәсібилігі, тәртібі және қызметтік борышына адалдығы үшін, ал ардагерлерге көп жылғы еңбегі мен жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегесі үшін алғыс айтамын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс және елімізде бейбітшілік тілеймін!» — деп атап өтті ТЖД бастығы.
Салтанатты іс-шара күн сайын азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғап, оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрмет болды.