Бубонды оба — әлемде ең көп кездесетін оба түрі. Ол жұқтырған бүргенің шағуы нәтижесінде пайда болады.
Оба қоздырғышы — Yersinia pestis бактериясы — адам ағзасына бүрге шаққан жер арқылы еніп, лимфа жүйесімен жақын орналасқан лимфа түйініне өтеді. Сол жерде бактерия көбейе бастайды.
Лимфа түйіні қабынып, ісінеді және қатты ауырады. Осындай қабынған және ісінген лимфа түйіндері «бубондар» деп аталады.
Инфекцияның кейінгі кезеңдерінде қабынған лимфа түйіндері ашық іріңді жараларға айналуы мүмкін.
Бубонды обаның адамнан адамға берілуі сирек кездеседі. Алайда ауру одан әрі дамыған жағдайда инфекция өкпеге таралып, обаның ауыр түрі — өкпелік оба дамуы мүмкін.
Өкпе обасы
Өкпе обасы — аурудың ең вирулентті, яғни жұқпалылығы мен ауырлығы жоғары түрі.
Инкубациялық кезеңі өте қысқа болуы мүмкін және 24 сағатқа дейін созылады.
Өкпелік обамен ауырған кез келген адам инфекцияны ауа-тамшы жолы арқылы айналасындағыларға жұқтыра алады.
Ерте диагностика жүргізілмеген және емдеу басталмаған жағдайда өкпе обасы өліммен аяқталады.
Алайда ауруды дер кезінде анықтап, емдеуді симптомдар пайда болғаннан кейін 24 сағат ішінде бастаған жағдайда пациенттердің едәуір бөлігі толық жазылып кетуі мүмкін.
Емдеу
Емделмеген жағдайда оба тез арада өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан пациенттің өмірін сақтап қалудың және асқынулардың алдын алудың ең маңызды шарттары — жылдам диагностика және емдеуді ерте бастау.
Уақытында анықталған жағдайда оба антибактериялық препараттармен және демеуші еммен сәтті емделеді.
Емделмеген өкпелік оба симптомдар пайда болғаннан кейін 18–24 сағат ішінде өлімге әкелуі мүмкін. Алайда энтеробактериялардан (грамтеріс таяқшалардан) туындайтын ауруларды емдеуде қолданылатын кәдімгі антибиотиктер емдеуді ерте бастаған жағдайда оба ауруын тиімді емдей алады.
Алдын алу
Алдын алу шараларына тұрғындарға елді мекенде немесе олардың тұрғылықты аймағында зооноздық оба ауруының бар екендігі туралы ақпарат беру және оларды бүрге шағуынан қорғану қажеттілігі жөнінде хабардар ету жатады.
Сондай-ақ:
- өлген жануарлардың денелеріне қол тигізбеу;
- жұқтырған биологиялық сұйықтықтармен және тіндермен тікелей жанасудан аулақ болу;
- ықтимал жұқтырған науқастармен жұмыс істеу кезінде стандартты сақтық шараларын сақтау;
- зертханалық зерттеулер үшін үлгілер алу кезінде тиісті инфекциялық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.
Оба ауруының өршуі кезіндегі шаралар
Инфекция көзін анықтау және залалсыздандыру
Адамда оба ауруының бір немесе бірнеше жағдайы анықталған аумақта инфекцияның ықтимал көзін анықтау қажет. Бұл ретте ұсақ жануарлардың өлекселері көп жиналатын жерлерге ерекше назар аударылады.
Тиісті инфекциялық бақылау шаралары жүргізілуі керек.
Бүргелерді жоймай тұрып кеміргіштерді жоюға болмайды, себебі өлген кеміргіштен бүргелер басқа иеге ауысып, инфекцияның таралуын жалғастыруы мүмкін.
Медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау
Медицина қызметкерлеріне инфекцияның алдын алу және инфекциялық бақылау шаралары туралы ақпарат беріп, оларды оқыту қажет.
Өкпелік обамен ауырған адамдармен тікелей байланыста болған медицина қызметкерлері:
- жеке қорғаныш құралдарын пайдалануы;
- антибиотиктермен химиопрофилактика алуы тиіс.
Химиопрофилактика 7 күн бойы немесе жұқтырған пациенттермен жұмыс істеу барысында қауіп сақталған барлық кезеңде жүргізілуі керек.
Дұрыс емдеуді қамтамасыз ету
Науқастардың тиісті антибиотиктік ем алуын қамтамасыз ету және медициналық ұйымдарда қажетті антибиотиктердің жеткілікті қоры болуы қажет.
Өкпелік обамен ауырған науқастарды оқшаулау
Науқастар инфекцияны ауа-тамшы жолымен таратпауы үшін оқшаулануы тиіс.
Мұндай науқастарға қорғаныш медициналық маскаларын беру инфекцияның таралу қаупін азайтуы мүмкін.
Эпидемиологиялық қадағалау
Өкпелік обамен ауырған науқастармен тығыз байланыста болған адамдарды анықтап, олардың жағдайын бақылау қажет.
Байланыста болған адамдарға 7 күн бойы химиопрофилактика жүргізіледі.
Зертханалық үлгілерді алу
Зертханалық зерттеуге арналған үлгілерді барлық қажетті сақтық шаралары мен инфекциялық бақылау талаптарын сақтай отырып алу керек.
Алынған үлгілер кейін зертханалық зерттеу жүргізу үшін тиісті зертханаларға жіберіледі.
Дезинфекция
Қолды үнемі сабынмен және сумен жуу немесе құрамында спирті бар қолды залалсыздандыруға арналған гельдерді пайдалану ұсынылады.
Үлкен аумақтарды дезинфекциялау үшін тұрмыстық ағартқыштың 10%-дық ерітіндісін пайдалануға болады. Ерітіндіні күн сайын жаңартып отыру қажет.