ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП: Су ұңғымасының иесі не істеуге міндетті?

ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП: Су ұңғымасының иесі не істеуге міндетті?

1. Ұңғыма дегеніміз не?

Ұңғыма – жерасты суларын өндіруге арналған гидротехникалық құрылыс. Әдетте оны қалалар, ауылдар мен жеке сектор тұрғындары, фермерлер, сондай-ақ кәсіпорындар өндірістік қажеттіліктері үшін пайдаланады.

Жерасты сулары жерүсті су нысандарымен гидравликалық тұрғыдан байланысты. Ал суды бақылаусыз алу өзендердің де, су көзінің де тартылуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан жаңа Су кодексі жерасты суларын қорғауды күшейтіп, ұңғыма иелеріне нақты міндеттер жүктеді.

2. Ұңғыма иесі нені бақылауы керек?

ҚР Су кодексінің 45 және 92-баптары

Су алу құрылыстарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар жерасты суларының деңгейі мен сапасына мониторинг жүргізуге және олардың ластануы мен сарқылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.

Ұңғымаларда су деңгейін бақылауға арналған құрылғылар, ал өздігінен ағатын ұңғымаларда манометрлер орнатылуы тиіс.

Сонымен қатар, егер жерасты суларының қорлары ауыз сумен жабдықтау үшін бекітілсе, ұңғыма иесі кен орнында санитариялық қорғау аймақтарын ұйымдастыруға міндетті.

3. Мониторинг бағдарламасы қашан міндетті?

ҚР Су кодексінің 45-бабы

Жерасты суларын тәулігіне 1 000 текше метрден астам көлемде алу кезінде міндетті талаптардың бірі – жерасты суларына мониторинг жүргізу бағдарламасының болуы.

Бағдарламада:

  • бақылау желісінің құрамы мен құрылымы;

  • бақылау жүргізудің кезеңділігі мен тәртібі;

  • жерасты суларының шығыны;

  • динамикалық және статикалық деңгейлері;

  • жерасты суларының химиялық құрамы көрсетіледі.

Мониторинг нәтижелері Ұлттық гидрогеологиялық қызметке ұсынылуы тиіс.

4. Ұңғыма енді пайдаланылмаса не істеу керек?

ҚР Су кодексінің 92-бабы

Пайдаланылмайтын немесе пайдалануға жарамсыз гидрогеологиялық ұңғымаларды жай ғана тастап кетуге болмайды. Олар консервациялануы немесе жойылуы тиіс. Бұл – ұңғыма иесінің міндеті.

Иесі жоқ өздігінен ағатын ұңғымалар бойынша бұл жұмыстарды Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жүргізеді.

5. Жерасты суларының маңында не істеуге тыйым салынады?

ҚР Су кодексінің 92-бабы

Егер жерасты сулары ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылса немесе пайдаланылуы мүмкін болса, тиісті кен орындары мен учаскелердің шекараларында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, сондай-ақ олардың жағдайына әсер етуі мүмкін нысандарды орналастыруға тыйым салынады.

Олардың қатарында қоқыс полигондары, зираттар, мал қорымдары, радиоактивті және химиялық қалдықтарды көму орындары бар.

Сондай-ақ жерасты суларының жағдайына әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін болса, жерлерді тазартылмаған ағынды сулармен суаруға тыйым салынады.

6. Құрылыс кезіндегі талаптар

ҚР Су кодексінің 92-бабы

Жерасты суларын пайдалануға байланысты құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезінде олардың жерүсті су нысандарына және қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмайтын шаралар қарастырылуы тиіс.

7. Бұл не үшін маңызды?

ҚР Су кодексінің 93-бабы

Жерасты сулары ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылуы мүмкін, сондықтан олардың жағдайын тұрақты түрде бақылау қажет.

Сонымен қатар Кодекс ауызсуға жарамды жерасты суларын басқа мақсаттарға пайдалануға жол бермейді, егер сумен жабдықтаудың басқа көздері бар болса және аталған жерасты сулары ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзі болып табылса.

#Заңжәнетәртіп @QR_Su_resurstari_ministrligi

Источник: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1300936?lang=ru