«Жылдың 10 оқырманы»: жоба жеңімпаздары 10 млн теңгеден алады

«Жылдың 10 оқырманы»: жоба жеңімпаздары 10 млн теңгеден алады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға арналған брифинг өтті.

Брифинг спикерлері қатарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы әрі комиссия төрағасы Мереке Күлкенов, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев, Креативті индустрияларды дамыту қорының төрағасы Ерлан Каналимов және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Марина Подгайнова болды.

«Жылдың 10 оқырманы» жобасы 1 қыркүйекте кітап оқу марафонынан басталды. Оның мақсаты – кітап оқу белсенділігін арттыру және еліміздің үздік оқырмандарын анықтау.

Өткен жылы марафон пилоттық форматта үш өңірде өткізіліп, оған шамамен 190 мың адам қатысты. Биыл жоба еліміздің барлық өңірін қамтитындай етіп кеңейтілді.

Қатысушылар жеті санатқа бөлінген: мектеп оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш буынды отбасылық әулеттер, мемлекеттік қызметшілер және басқа азаматтар.

«Parasat» атты жеке бағыт саяси және зиялы қауым өкілдеріне арналған. Марафонға қатысу ерікті әрі тегін.

Қатысушылар үшін 345 шығармадан тұратын тізім жасақталды. Әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуы тиіс.

Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Облыстық іріктеу қорытындысы бойынша шамамен 4 мың жүлдегер анықталады. Ал республикалық финалға 20 өңірден 200 қатысушы жолдама алады. Финалистер шығармаларды білу деңгейі мен әдебиетті талдау қабілетін көрсететін бетпе-бет сұхбат пен көпшілік алдында сөз сөйлеуден өтеді.

Комиссия қорытындысы бойынша еліміздің 10 үздік оқырманы анықталады. Олардың әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.

Айта кетейік, марапаттау рәсімі 23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Источник: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1300931?lang=ru