eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасының пайдаланушылары енді таңдалған кезең бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткен фактілер туралы анықтаманы онлайн режимде ала алады. Құжат электрондық форматта қалыптастырылады және оны Жеке кабинеттен жүктеп алуға болады.
Анықтамада шекарадан өту туралы мынадай мәліметтер көрсетіледі: күні мен уақыты, маршрут, қозғалыс бағыты, рейс және көлік құралының нөмірі, кіру немесе шығу елі және ақпараттық жүйеде көзделген өткізу пункті.
eGov.kz порталында анықтама алу үшін пайдаланушыға:
-
eGov.kz порталына авторизациядан өту;
-
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтама беру» қызметін таңдау;
-
анықтаманың кімге рәсімделетінін көрсету: «Өзіне», «Кәмелетке толмаған балаға» немесе «Заңды өкіл (әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдарға)»;
-
мәліметтер қажет болатын кезеңді көрсету;
-
«Сұрау салуды жіберу» батырмасын басу;
-
өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірі арқылы қол қою қажет.
Өңдеу аяқталғаннан кейін электрондық анықтама eGov.kz порталындағы «Менің профилім – Жеке кабинет» бөлімінде қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады. Көрсетілген кезеңде мемлекеттік шекарадан өткені туралы мәліметтер болмаған жағдайда, бұл ақпарат анықтамада көрсетіледі. Сұрауды 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы күнге дейінгі кезеңге қалыптастыруға болады, бұл ретте таңдалған кезең үш айдан аспауы тиіс. Қызмет көрсету мерзімі – 15 минутқа дейін.
Анықтаманы eGov Mobile арқылы алу үшін де ұқсас қадамдарды орындау қажет: «Басты бет» бөлімінен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтама беру» қызметін таңдау керек.
Қызмет ЖСН болған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтарына қолжетімді және тегін көрсетіледі. Шетел азаматтары үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтаманы QazETA порталы арқылы алуға болады.
Анықтаманы өзіне, кәмелетке толмаған балаға, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда өтініш беруші оның заңды өкілі болған жағдайда әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамға рәсімдеуге болады. Балаға анықтама рәсімдеу кезінде ол туралы мәліметтер азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде жүктеледі.
Әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамға немесе қамқоршылықтағы әрекетке қабілетсіз балаға анықтама рәсімдеу кезінде пайдаланушыға ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптастырылған тізімнен тиісті адамды таңдау мүмкіндігі беріледі.
Анықтама шетелден смартфон немесе планшетті өз бетінше әкеліп, оны Қазақстан операторларының желілерінде жеке пайдалану үшін IMEI-кодын тіркейтін азаматтарға да қажет болуы мүмкін.
Бұл қызмет шекарадан өткен фактілерді ресми түрде растау процесін жеңілдетеді. Анықтама мемлекеттік ақпараттық жүйелер негізінде автоматты түрде қалыптастырылады, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады және заңды күшке ие. Бұл азаматтар үшін процесті жылдам, ыңғайлы әрі ашық етеді.
Аталған қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жұмысы нәтижесінде әзірленді.