СОЗАҚ: ЖУАНТӨБЕ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛАДЫ
Жуантөбе ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталып, ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Ауылға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спорт кешенінің құрылыс барысымен танысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды сапалы әрі талапқа сай пайдалануға беруді тапсырды.
Жаңа спорт кешені Жуантөбе ауылының 2025 жылғы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі III орын иеленуіне байланысты ұсынылып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жобаға аудандық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылған.
Нысанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Заманауи спорт кешенінде күрес және бокс залдары, жаттығу залы, медициналық кабинет, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, жуыну және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі ауылдағы өзге де инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, асфальт жабындысы төселген ішкі көшелердің жағдайын көріп, жаңғыртылған саябақтар мен қоғамдық орындарды аралады. Биыл Жуантөбе ауылындағы жалпы ұзындығы 1,180 шақырымды құрайтын Абылай хан және Әйтеке би көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Орталық саябақ аумағына қазақ тарихындағы әйгілі үш би Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биге арналған монумент орнатылып, ауылдың сәулеттік келбеті жақсара түсті. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Батыр аналар, тыл ардагерлері мен ауылдан шыққан еңбек ардагерлерінің есімдері жазылған құрмет тақтасы қойылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі