Нью-Йорк, 2026 жылғы 28 қазан - Нью-Йорк қаласында Республика күніне арналған «Шәмші әлемі» атты камералық концерт өтті. 150-ге жуық көрермен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін ағылшын тілінде тыңдады. Осы концертпен композитордың алдағы мерейтойына арналған «Shamshi 100» жобасының халықаралық гастрольдік сапары аяқталды. 2030 жылы композитордың туғанына 100 жыл толады.
Концертке дипломаттар, өнерпаздар, іскерлік және академиялық орта өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері мен қазақстандық студенттер жиналды. Гастрольдік сапарға Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері мен композитордың отбасы мүшелері қатысты.
Гастрольдік сапар 21 қазанда Мадридте басталды. Онда композитордың әндері оркестрдің сүйемелдеуімен испан тілінде орындалды. 24 қазанда Парижде әртістер әндердің француз тіліндегі нұсқаларын орындады. Жоба аясында 35 ән жаңадан өңделіп, 20 шығарманың поэтикалық аудармасы әзірленді.
Жобаны «Шәмші әлемі» қоғамдық қоры Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жүзеге асырды.