ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңес шетелдегі қазақстандықтар үшін Президент Жолдауы бойынша брифингтер өткізді

ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңес шетелдегі қазақстандықтар үшін Президент Жолдауы бойынша брифингтер өткізді

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған шетелдегі отандастармен, студенттермен, бизнес өкілдерімен және сарапшылармен бірқатар кездесулерді өткізді. Іс-шаралар СІМ-нің шетелдегі мекемелерінің алаңдарында Будапештте, Мәскеуде, Пекинде, Вашингтонда, Брюссельде, Ұланбатырда және Ташкентте ұйымдастырылды.

Венгрияда тұратын және оқитын қазақстандықтардың алдында Қоғамдық кеңес мүшесі, «National Endowment for Prosperity» қоғамдық қорының директоры Үсен Сүлеймен сөз сөйледі. Ол нақты нәтижеге бағытталған реформалардың басымдықтарын атап өтіп, цифрлық егемендік пен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызына, сондай-ақ шетелдегі отандастардың еліміздің дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Мәскеуде МГИМО мен ЖЭМ ҰЗУ студенттеріне Жолдау ережелерін Қоғамдық кеңес мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Зарема Шәукенова түсіндірді. Елші Дәурен Абаев еліміз үшін стратегиялық озық жұмыс істеудің маңызды екенін еске салса, Зарема Шәукенова Тәуелсіздік ұрпағын ел үшін үлкен құндылық деп атап, халықтық цифрлық экономиканы қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Пекиндегі Қазақстан мәдениет орталығында студенттермен Қоғамдық кеңес мүшесі, Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазіргі заман зерттеулері институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров кездесті. Ол елімізді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі бағыттарын таныстырып, цифрлық трансформацияға, жасанды интеллектіні енгізуге, ғылым мен білімді дамытуға ерекше назар аударды. Сарапшы реформалардың табысы көбіне жас ұрпаққа байланысты екенін атап, шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың озық білім мен технологияларды меңгерудегі рөлін ерекше бағалады.

АҚШ-та тұратын Қазақстан азаматтары үшін бейнеконференцияны Қоғамдық кеңес мүшесі, адам құқықтары және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі халықаралық консультант Халида Ажығұлова өткізді. Іс-шараға Құрама Штаттарда оқитын және жұмыс істейтін қазақстандықтар қатысты. Спикер Жолдауға адамға бағытталған тәсіл тұрғысынан сараптамалық талдау жасап, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларындағы бастамаларды, жұмыспен қамтуды және еңбекақыны арттыру шараларын, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен меншіктің қол сұғылмаушылығы кепілдіктерін жоғары бағалады. Шетелдегі отандастардың Отанмен байланысын сақтаудың және елде болып жатқан үдерістерден хабардар болудың маңызды екені атап өтілді.

Брюссельде кездесу гибридтік форматта Қоғамдық кеңес мүшесі, Құрылтай депутаты Максим Рожиннің қатысуымен өтті. Елші Роман Василенко Жолдау басымдықтарын, оның ішінде қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастық арқылы да іске асыруға болатынын атап өтті: бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік жобалар, ғылыми зерттеулер және мамандарды даярлау. Максим Рожин «Халықтық құрылыс» бастамасы, көлік-логистика және энергетика әлеуетін дамыту, халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру және конституциялық реформалар туралы айтып берді, сондай-ақ Еуропалық Одақпен көлік, энергетика, сыни шикізат материалдары және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды.

Моңғолияда Елші Алмас Сейтақыновтың қатысуымен құжаттың негізгі ережелерімен қатысушыларды Қоғамдық кеңес мүшесі, сарапшы, экс-сенатор Ғалиасқар Сарыбаев таныстырды. Ол «Халықтық құрылыс» бағдарламасына, логистика, энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру және әлеуметтік саясат салаларындағы міндеттерге тоқталып, бастамалардың сәттілігі еліміздің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына байланысты екенін атап өтті. Елші А.Сейтақынов Монголияның сарапшылары ҚР Президенті бастамаларына үлкен қызығушылық танытқанын айтты.

Ташкентте Елші Ералы Тоғжановтың қатысуымен Қоғамдық кеңес мүшесі, Құрылтай депутаты Шерзод Пулатовпен кездесу өтті. Ол Ұлттық қордан 6,5 трлн теңгені инфрақұрылымдық бағдарламаға бағыттау жоспарлары, 2027 жылдың жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялануы, 2029 жылға қарай энергопрофицитке қол жеткізу және жасанды интеллектіні енгізу мақсаттары туралы айтып берді. Іс-шараға дипломаттар, қазақстандық компаниялардың өкілдері, Ташкент ақпараттық технологиялар университетінің оқытушылары және студенттері қатысты. Қатысушылар бірлескен инвестициялық жобалар мен IT-секторлар ынтымақтастығының перспективаларын талқылады, ал Елші реформаларды іске асырудың қазақстандық-өзбекстандық стратегиялық серіктестікті тереңдету үшін маңыздылығын атап өтті.

Ұйымдастырылған кездесулер СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің маңызды қызметін, яғни сыртқы саяси ведомство, сараптамалық қауымдастық және ел ішіндегі әрі шетелдегі қазақстандықтар арасындағы жалғастырушы буын ретіндегі рөлін көрсетеді. Бұл міндет азаматтардың тұратын жеріне қарамастан мемлекеттік саясат басымдықтарын түсінуін және қолдауын қамтамасыз етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1335782?lang=kk