Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен еркін қарым-қатынас жасауына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және қажетті ақпаратты кедергісіз алуына жағдай жасау мақсатында ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.
Ымдау тілі – ақпаратты ым, мимика және дене қимылдары арқылы жеткізуге арналған көрнекі-кеңістіктік тілдік жүйе. Ал ымдау тілі маманы – адамдар арасындағы коммуникацияны қамтамасыз ету үшін ауызша тілден ымдау тіліне және керісінше сурдоаударма жасайтын маман.
Қызметті ұсынудың негізі
Ымдау тілі маманының қызметтері мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (АОЖБ) негізінде ұсынылады. Аталған бағдарламада тиісті медициналық көрсетілімдер ескеріле отырып, ымдау тілі маманының қызметтерін алу қажеттілігі белгіленеді.
Қызметтер жергілікті бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі және АОЖБ-да белгіленген іс-шараларды іске асыру мерзіміне ұсынылады.
Қызмет алуға құқығы бар адамдар
Ымдау тілі маманының қызметтерін есту қабілеті бұзылған және ымдау тілін меңгерген мүгедектігі бар адамдар ала алады.
Медициналық көрсетілімдерге:
• керең-мылқаулық;
• есту протезін қолдануға жарамсыз толық кереңдік;
• есту протезін қолдануға жарамсыз IV дәрежелі құлақ мүкістігі;
• қимылдық афазия;
• көмекейдің болмауы жатады.
Сонымен қатар, қызмет ұсыну кезінде қағидаларда көзделген медициналық қарсы көрсетілімдер ескеріледі.
3. Қызметті рәсімдеу тәртібі
Ымдау тілі маманының қызметтерін алу үшін мүгедектігі бар адам, оның заңды өкілі немесе сенімхат негізінде әрекет ететін тұлға өтініш бере алады.
Өтінішті келесі жолдармен рәсімдеуге болады:
• «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;
• тұрғылықты жері бойынша қалалық басқармаға немесе жұмыспен қамту бөліміне жүгіну арқылы;
• «Цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы;
• ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы проактивті қызмет түрінде.
Өтініш беру барысында жеке басты куәландыратын құжат және АОЖБ-да белгіленген қажетті іс-шаралар туралы мәліметтер пайдаланылады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тиісті мәліметтер болмаған жағдайда, растайтын құжаттардың көшірмелері ұсынылады.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні.
4. Проактивті қызмет көрсету тәртібі
АОЖБ қалыптастырылғаннан кейін оның деректері автоматты түрде «Е-Собес» автоматтандырылған цифрлық жүйесіне жіберіледі. Осыдан кейін қызмет алушының немесе оның заңды өкілінің ұялы телефонына мемлекеттік қызметті алуға келісім беру туралы SMS-хабарлама жолданады.
Қызмет алушы SMS арқылы тиісті кодты енгізу арқылы қызмет алуға келісімін растайды немесе бас тартады.
Келісім берілген жағдайда құжаттарды рәсімдеу автоматты түрде жүргізіліп, қызмет алушыға SMS-хабарлама жіберіледі. Егер үш жұмыс күні ішінде жауап берілмесе немесе қызмет алушы бас тартса, проактивті рәсімдеу тоқтатылады. Мұндай жағдайда қызметті алу үшін тиісті мекемелерге өз бетінше жүгінуге болады.
5. Ымдау тілі маманының қызметтерін алу тәртібі
Ымдау тілі маманының қызметтері әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылады.
Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы қызмет алу үшін өтініш беруші порталға кіріп, қажетті өнім берушіні таңдайды және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жария шартқа қол қояды.
Қызмет алушы маманмен жұмыс істеу форматын өзі таңдай алады:
• көзбе-көз – ымдау тілі маманының қызмет көрсету орнында жеке қатысуы арқылы;
• қашықтықтан – интернет-технологияларды пайдалану арқылы нақты уақыт режимінде онлайн қызмет көрсету.
Өнім беруші өтінішті бес жұмыс күні ішінде қарап, қызмет көрсетуге қабылдау немесе бас тарту туралы шешімін хабарлайды.
6. Қызмет көрсету уақыты мен төлем тәртібі
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес ымдау тілі маманының қызметтері бір мүгедектігі бар адамға жылына 60 сағаттан аспайтын көлемде ұсынылады.
Бір сағаттық қызметтің ақысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2,1 есебі негізінде төленеді.
Жылына белгіленген 60 сағаттан артық көрсетілген қызметтердің құнын мүгедектігі бар адам өз қаражаты есебінен төлейді.
Қызметтерге ақы төлеу жергілікті атқарушы органдар тарапынан нақты көрсетілген қызмет уақытына сәйкес жүзеге асырылады. Төлем ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
7. Қызмет көрсетуді тоқтату және одан бас тарту жағдайлары
Мүгедектігі бар адам толық мемлекеттік қамсыздандыруда болған кезеңде ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну уақытша тоқтатылады.
Сондай-ақ қызмет алушы өнім берушінің қызмет сапасына, қызмет көрсету мерзіміне, маманның әрекеттеріне немесе басқа тұрғылықты жерге көшуіне байланысты қызмет көрсетуден бас тарта алады.
Өнім беруші де қағидаларда көзделген форс-мажорлық жағдайлар, қызмет алушы немесе оның отбасы мүшелері тарапынан негізсіз қорлау және қызмет көрсетуге негіз болған нормативтік құқықтық актінің күшін жою сияқты жағдайларда қызмет көрсетуді тоқтатуға құқылы.