Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданылатынын хабарлайды. Жеке тұлға автокөлікті сатқан кезде салық әрқашан және мәміле сомасының барлығынан емес — тек сату бағасы мен бастапқы құн арасындағы оң айырмашылықтан (құн өсімінен табыс) төленеді. Негізгі ережелерді қарапайым тілде түсіндірейік.
ЖТС төлеу міндеті қашан туындайды
Құн өсімінен табыс мына шарттар бір мезгілде орындалса туындайды:
- Қазақстанда тіркелген автомобиль (механикалық көлік құралы немесе тіркеме) мемлекеттік тіркелген күннен бастап бір жылдан кем уақыт меншікте болған жағдайда.
- Көлікті сатып алған бағадан (немесе бастапқы құннан) қымбат сатқан жағдайда.
Егер, Қазақстандық есепте бір жыл және одан көп уақыт иеленсеңіз — құн өсімінен табыс туындамайды, пайдамен сатсаңыз да салық төлеу қажет емес.
Шетелде тіркелген көлік, сондай-ақ әуе және теңіз кемелері үшін иелену мерзімі маңызды емес — оң айырмашылық болса, өсімнен салық кез келген жағдайда туындауы мүмкін.
Сол бағаға немесе арзанырақ сатсаңыз — табыс жоқ, салық жоқ.
Салық қалай есептеледі
Салықпен тек оң айырмашылыққа (сату бағасы − бастапқы құн) ғана салық салынады, мәміле сомасының барлығы емес.
ЖТС мөлшерлемелері (Салық кодексінің 363-бабы):
- 10 % — 8 500 АЕК қоса алғанда табысқа;
- 15 % — осы шектен асатын сомаға.
2026 жылы 1 АЕК = 4 325 теңге. 8 500 АЕК шегі ≈ 36 762 500 теңге.
Мысал. Көлікті 10 млн теңгеге сатып алып, 8 айдан кейін 12 млн. теңгеге саттыңыз. Өсім = 2 млн теңге. ЖТС = 2 млн × 10 % = 200 мың теңге. Салық тек осы 2 млн. теңгеге есептеледі, 12 млн. теңгеден емес.
Жөндеу, қызмет көрсету және тюнинг шығындары салық салынатын табысты азайтпайды. Импортталған автокөліктер үшін бастапқы құнға әдетте төленген кеден төлемдері (баждар, ҚҚС, акциздер, утильсбор) енгізіледі — растайтын құжаттар болған жағдайда.
Егер автомобиль мұрагерлікпен немесе сыйға алынса
Мұрагерлік үшін бастапқы құн меншік құқығы туындаған күнгі нарықтық құн ретінде анықталады. Оны тәуелсіз бағалаушының есебімен растау керек. Сатып алу-сату шартын, бағалау есебін және құнды растайтын басқа құжаттарды сақтаңыз.
Декларацияны тапсыру және төлеу мерзімдері
Салық салынатын табыс туындаса, жеке тұлға өз бетінше:
- сату жылынан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады;
- декларацияны тапсыру мерзімі өткеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде ЖТС төлейді (шамамен 25 қыркүйекке дейін).
Мысал: 2026 жылы сату → декларация 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін, төлем 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін.
Автокөлікті сату фактісі бойынша ғана декларация тапсыру (табыс туындамаса) талап етілмейді. Нысанды Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық сервистері арқылы тапсыруға болады. Есептеу және толтыру мәселелері бойынша тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жүгінуге болады.
Уақтылы тапсырмау және төлемеу айыппұл мен өсімпұлға әкелуі мүмкін.
Маңызды практикалық сәттер
- Ережелер жеке мүлікті сатуға қатысты. Егер автомобиль кәсіпкерлік қызметте пайдаланылса және ЖК немесе ЖШС балансында тұрса — басқа салық салу ережелері қолданылады.
- Сатып алу-сату шартында құнды төмендету тиімсіз және қауіпті: келесі сатуда салық базасы өсуі мүмкін, ал анықталған төмендету қосымша тәуекелдер туғызады.
- Автокөліктерді жүйелі түрде қайта сату кәсіпкерлік қызмет ретінде бағалануы мүмкін (белгілі бір жағдайларда ҚР ҚК-нің тиісті баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке дейін). Жеке мүлікті бір реттік сату өздігінен мұндай белгі болып табылмайды.
Қарапайым сөзбен қорытынды. Қазақстандық нөмірлі көлікті бір жыл және одан көп уақыттан кейін саттыңыз — салық жоқ. Бір жылдан бұрын және сатып алғаннан қымбат саттыңыз — ЖТС-ты тек айырмашылықтан төлеңіз (әдетте 10 %). Шетелдік нөмірлер үшін иелену мерзімі құтқармайды. Құжаттарды сақтаңыз, дұрыс есептеңіз және 270.00 нысаны бойынша декларацияны уақтылы тапсырыңыз.