Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті

Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті

Нью-Йорк, 2026 ж. 22 қазан – Республика күні қарсаңында Уолл-стриттің орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Рәсімге «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Шетелдік өкілдіктер жөніндегі басқармасының Нью-Йорк өңірлік кеңсесінің директоры Марк Макговерн, Нью-Йорктегі дипломатиялық корпус президенті әрі Сербияның Бас консулы Владимир Божович, сондай-ақ дипломаттар, қазақ диаспорасы мен іскер топтардың өкілдері қатысты.

Қазақстанның Бас консулы Рауан Тілеулин мен құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтады. Тілекші Амангелдиева қазақ диаспорасының атынан рәсімге қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Рәсімнің шарықтау сәтінде екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұрандары шырқалды. АҚШ әнұранын әнші Сангина, ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін «Қазақконцерт» солистері Меруерт Желдібаева мен Ербол Тәжібаев орындады.

Жыл сайын өтетін бұл рәсім дипломатиялық қауымдастықты, отандастарымызды және АҚШ жұртшылығын біріктіріп, Нью-Йорк тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның мәдениетімен және дәстүрлерімен таныстырады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1324000?lang=kk