Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев алғаш рет тұрғындарды толықтай онлайн форматта жеке мәселелері бойынша қабылдады. WhatsApp қосымшасы арқылы өткен бейнеқабылдауға 10-ға жуық қала тұрғыны қатысып, үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ қала басшысына тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Қабылдаудың жаңа форматы тұрғындар үшін уақыт үнемдеуге, жол жүру мен кезек күту қажеттілігін азайтуға және жергілікті атқарушы билікпен байланысты барынша қолжетімді етуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында тұрғындар баспанамен қамтамасыз ету, көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, аулаларды абаттандыру, жолдардың жай-күйі, көшелерді жарықтандыру, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді.
Тұрғындардың өтініштерін жан-жақты қарау мақсатында онлайн қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары да қатысты. Олар өз құзыреттері шеңберінде көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер берді.
Қабылдау барысында түскен барлық өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер тиісті құрылымдық бөлімшелерге жолданып, алдағы уақытта пысықталатын болады.
Онлайн қабылдау форматына көшу – жергілікті атқарушы биліктің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және тұрғындармен тікелей байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.