Сұрақ - Жауап

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдер

1-сұрақ. Аванстық төлемдерді кімдер төлеуге міндетті?

Жауап: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 348-бабына сәйкес, түзетулер ескеріле отырып, алдыңғы салық жылынан бұрынғы кезеңдегі жиынтық жылдық табысы АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен асатын заңды тұлғалар КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеуге міндетті.

2-сұрақ. Кімдер аванстық төлемдерді төлеуден босатылады?

Жауап: Аванстық төлемдерді мынадай салық төлеушілер төлемейді:

  • табысы АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын салық төлеушілер;
  • жаңадан құрылған салық төлеушілер – ағымдағы және келесі салық жылы ішінде;
  • Салық кодексінің 329-бабының 1-тармағы мен 330-бабының ережелерін қолданатын коммерциялық емес ұйымдар;
  • Салық кодексінің 331-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары;
  • «Астана ХАБ» қатысушылары;
  • Салық кодексінің 348-бабы 1-тармағының 7–9) тармақшаларында көрсетілген өзге де салық төлеушілер.

3-сұрақ. 1-тоқсан үшін аванстық төлемдер қалай есептеледі?

101.01 СЕН нысанындағы декларацияны тапсырғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есепті ұсыну тәртібі алынып тасталды.

Аванстық төлемдерді есептеу салық органы тарапынан автоматты түрде жүргізіледі.

Аванстық төлемнің мөлшері – алдыңғы салық кезеңі үшін аванстық төлемдер сомасының есеп-қисаптары бойынша жалпы соманың 1/12 бөлігі.

Негіздеме: Салық кодексінің 349-бабы.

4-сұрақ. Декларация тапсырылғаннан кейінгі кезеңде (2–4-тоқсандарда) аванстық төлемдер қалай есептеледі?

Декларация тапсырылғаннан кейінгі аванстық төлемдер есепті салық кезеңінің екінші, үшінші және төртінші тоқсандарының әрбір айы үшін мынадай тәртіппен есептеледі:

1) Салық кодексінің 345-бабының 1-тармағына және 689-бабына сәйкес алдыңғы салық кезеңі үшін есептелген КТС сомасының 1/12 мөлшерінде;

2) мынадай жағдайларда ағымдағы салық кезеңі үшін болжамды КТС сомасы негізінде есептеледі:

  • алдыңғы салық кезеңі үшін Салық кодексінің 345-бабының 1-тармағына және 689-бабына сәйкес есептелген КТС сомасы нөлге тең болған жағдайда;
  • бөлу немесе бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға аванстық төлемдерді төлеуші болып табылған жағдайда;
  • цифрлық активтер саласында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты.

Салық төлеушілер декларация тапсырылғаннан кейінгі аванстық төлемдер бойынша есепті 101.02 салық есептілігі нысаны бойынша ұсынады.

Ұсыну мерзімі: есепті салық кезеңінің 20 сәуірінен кешіктірмей.

Негіздеме: Салық кодексінің 350-бабы.

5-сұрақ. Аванстық төлемдердің сомасын түзетуге бола ма?

Жауап: Иә. Салық төлеуші декларация тапсырылғаннан кейінгі аванстық төлемдердің сомасын ағымдағы салық кезеңі үшін болжамды КТС сомасына қарай түзетуге құқылы.

Ол үшін есепті кезеңнің 31 желтоқсанынан кешіктірмей 101.02 нысаны бойынша қосымша есепті ұсыну қажет.

6-сұрақ. КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеу мерзімі қандай?

КТС бойынша аванстық төлемдер ай сайын төленеді.

Төлеу мерзімі: әр айдың 25-күнінен кешіктірмей.

7-сұрақ. Әкімшілік жауапкершілік

Егер салық кезеңінің қорытындысы бойынша нақты есептелген КТС сомасы аванстық төлемдер сомасынан 20%-дан астам мөлшерде асып кетсе, әкімшілік жауапкершілік туындайды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1323136?lang=kk