eGov Business қосымшасында кәсіпкерлерге арналған Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық іске қосылды

eGov Business қосымшасында кәсіпкерлерге арналған Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық іске қосылды
eGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа цифрлық сервис қолжетімді болды. Енді бизнес өкілдері «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-дан кредиттік және сақтандыру есептерін онлайн алып, кредиттік міндеттемелерін қадағалай алады. Сондай-ақ заңды тұлғаның сақтандыру тарихы туралы мәліметтерді ешқайда бармай-ақ, құжаттарды қағаз түрінде рәсімдемей, цифрлық форматта алуға мүмкіндік бар. Сервистің барлық функциясы тегін ұсынылады.
«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ пайдаланушыларға есептердің үш түрін ұсынады:
  • «Қысқаша кредиттік есеп» – қолданыстағы кредиттік міндеттемелер мен мерзімі өткен берешектің бар-жоғы туралы негізгі ақпаратты қамтиды;
  • «Кредиттік есеп» – заңды тұлғаның соңғы 5 жылдағы кредиттік тарихы туралы толық мәлімет береді. Онда қолданыстағы және өтелген кредиттік міндеттемелер, жасалған шарттар мен төлем тәртібі туралы ақпарат көрсетіледі;
  • «Сақтандыру есебі» – заңды тұлғаның қолданыстағы және бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы мәліметтерді қамтиды.
Сервис заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті ЭЦҚ болған жағдайда «Қазынашылық» ақпараттық жүйесіне тіркелген қызметкерлерге қолжетімді.
«eGov Business қосымшасында жаңа сервистің іске қосылуы бизнес өкілдеріне қолданыстағы кредиттік міндеттемелері мен сақтандыру тарихы туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл заңды тұлғаның қаржылық жағдайын бақылауды жеңілдетіп, кәсіпкерлерге негізделген бизнес шешімдерін қабылдауға көмектеседі. Біз азаматтарға арналған цифрлық сервистермен қатар, бизнеске қажетті құралдарды да дамытып, мемлекеттік және өзге де сұранысқа ие қызметтерді онлайн алуды барынша қолайлы етіп келеміз. Биыл жаңартылған eGov Business қосымшасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді, ал ай сайын оны шамамен 46 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады», – деп «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимов атап өтті.
Сервисті пайдалану үшін:
  • eGov Business қосымшасына кіріп, «Сервистер» бөліміне өтіп, «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» қызметін таңдау қажет;
  • дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
  • қажетті құжат түрін таңдап, «Жүктеу» батырмасын басу;
  • қажет болған жағдайда файлды телефонға сақтау.
«Кредиттік және сақтандыру тарихы – әр компанияның қаржылық бейінінің маңызды бөлігі. Бизнес үшін бұл мәліметтерге оңай әрі жедел қол жеткізу, қолданыстағы міндеттемелерді бақылау, төлем тәртібін қадағалау, ақпараттың дұрыстығын тексеру және оны қаржылық шешімдер қабылдау кезінде ескеру аса маңызды. Сервисті eGov Business қосымшасына енгізу арқылы біз Мемлекеттік кредиттік бюроның деректеріне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіпкерлерге өз қаржылық тарихын өз бетінше бақылауға арналған ыңғайлы құрал ұсынып отырмыз. Бұл – Қазақстанда қаржылық ақпаратты түсінікті әрі қолжетімді ететін цифрлық сервистерді дамыту бағытындағы жүйелі жұмысымыздың жалғасы», – деп «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ Басқарма төрағасы Линара Ануарбекова атап өтті.
Айта кетейік, «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» сервисі осыған дейін, 2024 жылы, жеке тұлғаларға арналған eGov Mobile қосымшасында іске қосылған болатын. Содан бері ол азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие болды.
«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ мәліметінше, сервис eGov Mobile қосымшасында іске қосылғанға дейін ай сайын орта есеппен 96 мыңға жуық сұрау тіркелген. Ал сервис қолжетімді болғаннан кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті: 2026 жылы ай сайын орта есеппен 3,8 миллионнан астам сұрау тіркелген.
Осылайша, сұраулар саны шамамен 40 есе артты. Бұл сервистің азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие екенін және кредиттік әрі сақтандыру тарихы туралы ақпаратты цифрлық форматта алу әлдеқайда қолжетімді болғанын көрсетеді.
Енді осындай мүмкіндік бизнес өкілдеріне де қолжетімді. Сервистің eGov Business қосымшасына интеграциялануының арқасында кәсіпкерлер қажетті мәліметтерді ұйымдарға бармай-ақ, онлайн әрі ыңғайлы форматта ала алады. Мұндай цифрлық шешімдер қаржылық құралдардың қолжетімділігін арттырып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі цифрландыруға ықпал етеді.
Жаңарту ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1322178?lang=kk