Қазақстан мен NVIDIA физикалық жасанды интеллектіні дамытуда жаңа кезеңге қадам басты

Қазақстан мен NVIDIA физикалық жасанды интеллектіні дамытуда жаңа кезеңге қадам басты

Дженсен Хуангтың Астанаға сапары Қазақстанның физикалық жасанды интеллектінің (Physical AI) жаһандық орталығына айналу жөніндегі жоспарына халықаралық технологиялық қоғамдастықтың назарын аударды. Бұл стратегияның негізін еліміздің энергетикалық ресурстары, дамыған өнеркәсібі және қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект экожүйесі құрайды.

Қазақстан физикалық жасанды интеллектінің (Physical AI) әлемдік орталықтарының біріне айналуды көздейді. Робототехника, автономды жүйелер мен өнеркәсіптік автоматтандыруды біріктіретін жасанды интеллектінің бұл жаңа буыны NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың бүгін Астанаға жасаған сапарының басты тақырыбы болды.

Дж. Хуанг Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен келді.

Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында оған еліміздің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясы, егеменді есептеу инфрақұрылымы, мамандар даярлау бағдарламалары және қазақстандық технологиялық компаниялардың өнімдері таныстырылды.

Сапардың негізгі іс-шарасы Дженсен Хуанг пен Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевтің еркін форматтағы сұхбаты болды.

Әңгіме барысында әлемдік жасанды интеллект индустриясының даму бағыттары, энергетикалық ресурстар мен есептеу қуаттарының стратегиялық маңызы, физикалық жасанды интеллектінің болашағы, сондай-ақ халқының саны 20 миллион адамды құрайтын елдің жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялар құру мүмкіндіктері талқыланды.

«Қазақстан — мен барған елдердің ішінде Президенті жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы мемлекет. Жасанды интеллект еліңіздің жаңа деңгейге көтерілуіне, адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және компаниялардың әлемдік нарықта бәсекеге түсіп, ауқымын ұлғайтуына ықпал етеді. Жасанды интеллект қоғамдарыңызды түбегейлі өзгертеді.

Егер сіздердің мақсаттарыңыз бен биік мұраттарыңыз болса, оларды қалыптастыруға ықпал ететін көшбасшылық қажет. Президент Тоқаев дәл осындай өршіл мақсат қойды — Қазақстанды жасанды интеллект еліне айналдыру.

Бүгін мен кездескен әрбір компания табысқа жетуге, жаһандық деңгейге шығуға және халықаралық нарықта орнығуға ұмтылады. Жасанды интеллект осы мақсаттарды жүзеге асыруға көмектеседі.

Ең бастысы — биік мақсаттың болуы. Егер сондай ұмтылыс болса, жасанды интеллект пен робототехника жаңа деңгейге көтерілуге және мүмкіндіктеріңізді кеңейтуге жол ашады.

Егер сіз ғалым болсаңыз, жасанды интеллект көмекшісі зерттеу мүмкіндіктеріңізді едәуір кеңейтеді. Ал инженер болсаңыз, жасанды интеллект құралдары анағұрлым тиімді техникалық шешімдер табуға көмектеседі», — деді Дженсен Хуанг.

Цифрлық болашағын қарқынды қалыптастырып жатқан ел

Бұл сапар Қазақстанның өңірдегі ең ауқымды цифрлық трансформация бағдарламаларының бірін жүзеге асырып жатқан кезеңіне тұспа-тұс келді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл ретте жасанды интеллект экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс.

2025 жылы Үкімет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды. Сонымен қатар Қазақстан өңірде жасанды интеллект туралы кешенді заң қабылдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

Бұл бастамалар соңғы он жылда қол жеткізілген цифрлық даму жетістіктеріне негізделеді.

Қазақстанның eGov электрондық үкімет платформасы әлемдегі ең озық мемлекеттік цифрлық қызметтер қатарында тұрақты түрде жоғары орындарға ие болып келеді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта қолжетімді.

Еліміздің қаржы технологиялары, электрондық сауда және мемлекеттік цифрлық технологиялар салалары өңірлік деңгейде үлгіге айналды.

Неліктен физикалық жасанды интеллект және неліктен Қазақстан?

Физикалық жасанды интеллект жасанды интеллект технологияларын дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.

Негізінен цифрлық контентпен жұмыс істейтін генеративті модельдерден айырмашылығы, физикалық жасанды интеллект машиналарға қоршаған ортаны қабылдауға, оны талдауға және нақты әлемде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бұл технологиялар автономды роботтардың, ақылды зауыттардың, жүргізушісіз басқару жүйелерінің және өнеркәсіптік цифрлық егіздердің жұмыс істеуіне негіз болады.

Қазақстанда осы саланы дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар бірегей артықшылық бар:

  • Энергетикалық ресурстар. Қазақстан әлемдегі ірі энергия өндірушілердің бірі және уран өндіру бойынша көшбасшы мемлекет. Сонымен қатар еліміздің жел және күн энергетикасын дамыту әлеуеті жоғары.

  • Ауқымды ауыр өнеркәсіп. Тау-кен өндірісі, металлургия, мұнай-газ және логистика салалары интеллектуалды жүйелерді үйретуге, сынақтан өткізуге және енгізуге мүмкіндік беретін нақты өндірістік ортаны қамтамасыз етеді.

  • Стратегиялық географиялық орналасуы. Еуропа мен Азияның тоғысында, Транскаспий халықаралық көлік бағыты — Орта дәліз бойында орналасқан Қазақстан автономды логистикалық шешімдерді сынақтан өткізу үшін қолайлы алаң болып табылады.

  • Стратегиялық маңызды минералдық ресурстар. Еліміздің пайдалы қазбалар қоры робототехника мен электроника салаларындағы жаһандық өндірістік тізбектерді қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді.

Осы артықшылықтардың жиынтығы Қазақстанға санаулы мемлекеттер ғана ұсына алатын мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік жасанды интеллектіні нақты өндірістік жағдайда әзірлеуге, үйретуге және сынақтан өткізуге арналған халықаралық платформа қалыптастыруға жол ашады.

Жаһандық технологиялық компаниялар нақты өнеркәсіптік міндеттер мен сынақ алаңдарына қол жеткізеді.

Ал Қазақстан өнеркәсіпті жаңғырту қарқынын арттыруға, еңбек өнімділігі мен өндірістегі қауіпсіздікті жақсартуға, халықаралық әзірлеушілерді тартуға және жаңа жоғары технологиялық салаларды қалыптастыруға мүмкіндік алады.

«Қазақстан алдына өршіл мақсат қойды — физикалық жасанды интеллектінің әлемдік орталықтарының біріне айналу.

Біз осы мақсатқа жету үшін қажетті жағдайларды кезең-кезеңімен қалыптастырып жатырмыз: есептеу инфрақұрылымын кеңейтудеміз, адами капиталға инвестиция салып, технологиялық компаниялардың дамуына қолайлы орта құрудамыз.

NVIDIA компаниясымен ынтымақтастығымыз өнеркәсіп, энергетика, көлік және робототехника салаларында жасанды интеллектінің озық технологияларын қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Біздің мақсатымыз — қолданыстағы шешімдерді енгізумен шектелмей, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өз технологияларымызды жасау», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Энергетикалық ресурстардан жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымына дейін

Жасанды интеллект технологияларына сұраныс артқан сайын энергетикалық ресурстарға, жоғары өнімді есептеу қуаттарына және деректерді өңдеу орталықтарына қол жеткізу бүкіл әлемде стратегиялық маңызға ие болуда.

Қазақстан осы ресурстарды жеткізуші елдердің біріне айналу мақсатында тиісті инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салып келеді.

  • Alem.Cloud — NVIDIA H200 графикалық процессорлары негізінде құрылған және әлемдегі ең қуатты 100 суперкомпьютердің қатарына кіретін ұлттық суперкомпьютер. AI-Farabium — Алматы қаласындағы есептеу кешені.

  • Data Center Valley — Екібастұз қаласында құрылуы жоспарланған деректерді өңдеу орталықтарының кластері. Оның бастапқы қуаты 250 МВт болып, кейін 1 ГВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

  • 2026 жылғы маусымда Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жалпы құны шамамен 10 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімдер пакетін жариялады. Жоспарлар NVIDIA технологиялары негізінде 100 мыңға дейін графикалық процессорды (GPU) қамтитын ауқымды есептеу кластерін құруды көздейді.

Қазақстанның мақсаты деректерді өңдеу орталықтарын салумен ғана шектелмейді.

Еліміз энергетикалық және есептеу ресурстарын жаңа технологиялық өнімдерге, білікті жұмыс орындарына және экспорттық табыс көздеріне айналдыруды көздейді.

Қазақстан жасанды интеллект технологиялары орналастырылатын ғана емес, олар тікелей әзірленетін мемлекет болуға ұмтылады.

Қазақстандық жасанды интеллект стартаптары әлемдік нарыққа шығуда

Higgsfield компаниясы қазақстандық технологиялық экожүйенің қол жеткізген жетістіктерін айқын көрсетеді.

Компания бейнеконтент жасауға арналған генеративті жасанды интеллект құралдарын әзірлейді және құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын стартаптарға берілетін «бірегей мүйізді» (unicorn) мәртебесіне ие болды.

Компания ұсынған мәліметтерге сәйкес, оның нарықтық бағалауы 9 млрд АҚШ долларынан асты.

Іске қосылғаннан кейін 18 ай ішінде ағымдағы көрсеткіштер негізінде жылдық есепке келтірілген табысы 1 млрд АҚШ долларына жетті. Компания ай сайын 10 триллионнан астам токенді өңдейді. Қазақстанда оның 600-ден астам қызметкері жұмыс істейді.

«Ең алдымен және ең бастысы — компанияларға емес, адамдарға инвестиция салу керек.

Higgsfield негізін қалаушылар — өз ісінің болашағын айқын көре білетін жаңашыл тұлғалар. Олардың тамаша идеясы болды. Алайда оны жүзеге асыру оңай емес, әсіресе қомақты қаржысы мен жоғары кәсіби тәжірибесі бар компаниялармен жаһандық деңгейде бәсекелесу қажет болған жағдайда.

Дегенмен, олар — әлемдегі ең дарынды мамандардың бірі.

Қазақстанда компанияның 600 қызметкері бар, олардың орташа жасы — 25. Олардың көпшілігі озық технологиялар саласындағы инженерлер мен компьютерлік ғылым мамандары.

Қазақстан мен АҚШ-та кеңселерінің болуы екі елдің мәдениеті мен кәсіби әлеуетін ұштастырып, жаһандық деңгейде бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Компанияға инвестиция салғанда, шын мәнінде, адамдарға инвестиция саласыз. Сондықтан ең үздік мамандарды таңдау қажет», — деді NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг.

Higgsfield тәжірибесі Қазақстанда жұмыс істейтін командалардың әлемдік нарыққа арналған технологиялық өнімдер жасай алатынын дәлелдейді.

Бұл халықаралық инвестиция тартуға, отандық зияткерлік меншікті қалыптастыруға және инженерлер үшін жоғары қосылған құны бар жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Astana Hub халықаралық инновациялық кластері осы экожүйенің дамуына қолдау көрсетеді. Ол стартаптарға капитал тартуға, бизнесін кеңейтуге және жаһандық нарықтарға шығуға көмектеседі.

NVIDIA Inception сияқты халықаралық бағдарламалар технологиялар мен сараптамалық білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Адами капиталға инвестиция салу

Адами капиталды дамыту — Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясының негізгі бағыттарының бірі.

alem.ai орталығында жаңа буын инженерлерін даярлауға, бағдарламалау мен цифрлық дағдыларды үйретуге бағытталған TUMO Astana және Tomorrow School білім беру жобалары жұмыс істейді.

NVIDIA компаниясымен жоспарланып отырған ынтымақтастық alem.ai, Astana Hub, QAIRU және Қазақстанның жетекші техникалық университеттерімен бірлескен білім беру бастамаларын қамтиды.

Қарастырылып жатқан бағыттардың бірі — QAIRU базасында NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) өңірлік орталығын құру.

12 техникалық университеттің өкілдері DLI пилоттық бағдарламасына қатысып үлгерді.

«Дженсен Хуангтың Астанаға және alem.ai орталығына сапары қазақстандық технологиялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бұл әсіресе жасанды интеллектіні, робототехниканы, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды біріктіретін физикалық жасанды интеллект технологиялары үшін маңызды.

Қазақстандық стартаптар қазірдің өзінде робототехника, автономды басқару және интеллектуалды жүйелер саласында шешімдер әзірлеп жатыр.

Біздің мақсатымыз — осы командалардың инфрақұрылымға, сараптамалық білімге және халықаралық серіктестерге қол жеткізуіне жағдай жасау. Бұл олардың технологияларын жетілдіріп, әлемдік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді», — деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Жасанды интеллект айлығының қорытындысы

Дженсен Хуангтың сапары NVIDIA компаниясының бас серіктестігімен Қазақстанда өткен жасанды интеллект саласындағы халықаралық іс-шаралар топтамасы — AI Month айлығының қорытынды кезеңі болды.

Бағдарлама 23 қыркүйекте жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге арналған HackAlem AI халықаралық хакатонымен басталды.

Аталған іс-шара жасанды интеллект саласындағы хакатонға қатысушылардың ең көп саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS™ рекордын орнатты.

Дженсен Хуангтың сапары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық серіктестігінің жаңа кезеңін айқындайды.

Еліміздің стратегиялық мақсаты — энергетикалық ресурстар, өнеркәсіптік әлеует, есептеу қуаттары мен инженерлік кадрлар жаңа буын технологияларын жасау үшін тоғысатын физикалық жасанды интеллектінің жаһандық орталығына айналу.

Бұл стратегияны жүзеге асыру жаһандық инвестициялар мен технологиялық компанияларды тартуға, өнеркәсіпті жаңғыртуды жеделдетуге және экономикалық өсудің жаңа көздерін қалыптастыруға бағытталған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1317922?lang=kk