23 қазанда 25 қазан – Республика күніне орай Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Егемен ел – еңселі ел» атты патриоттық сағат өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталып, қатысушылар мен қонақтар таныстырылды. Одан кейін көпшілік назарына «Республика күні – елдігіміздің айғағы» атты бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи белестері мен Республика күнінің маңызы кеңінен баяндалды.
Іс-шараның құттықтау сөзін С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Қанатханқызы Шаяхметова және «Жастар рухы» жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Мүсілімұлы Сайлаубай сөйледі. Қонақтар жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне тоқталды.
Патриоттық сағат барысында Республика күнінің тарихи маңызы, оның ел тарихындағы орны және ұлттық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 54380 әскери бөлімінің сарбазы Таңатар Қасымханұлы Бақыт сөз сөйлеп, қатысушыларға мерекелік тілегін жеткізді.
Мерекелік шараның мазмұны музыкалық және поэзиялық өнер туындыларымен толықты. Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы Төлеутай Дәрібайұлы Серіков құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке «Үш бақытым» әнін тарту етті. Ән орындау арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтардың маңызы айшықталды.
Кітапхана қызметкерлері қатысушыларды «Республика күні – ел тарихындағы ұлы белес» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге ұсынылған әдебиеттер арқылы оқырмандар еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері және ұлттық бірегейліктің қалыптасуы туралы мағлұмат алды.
Сондай-ақ Д. Рақышев атындағы мектеп-интернатының оқушылары Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен өлеңдерін оқып, көпшілікке поэзиялық тарту жасады. Ал С. Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің 3-сынып оқушысы Серік Таир «Атамекен» әнін орындап, мерекелік шараның көркін аша түсті.
Патриоттық сағатқа Талдықорған қаласындағы №4 және №22 орта мектептердің оқушылары мен сынып жетекшілері қатысты.
Іс-шара қорытындысында Республика күнінің ел тарихындағы айрықша орны атап өтіліп, еліміздің амандығы, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі және тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында ізгі тілектер айтылды.
«Егемен ел – еңселі ел» атты патриоттық сағат жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және туған ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталды. Осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың елжандылық рухын нығайтып, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге ықпал етеді.