Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері

Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
Талдау нәтижелері бойынша 14 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, кадр жұмысын, қаржылық бақылауды, бюджеттік әкімшілендіруді, мемлекеттік сатып алуды, мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіруге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ашықтығын арттыруға бағытталған 14 ұсыным әзірленді.
Талдау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететін жүйелі факторларды анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында қызметке орналасу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтамау, декларацияларды уақтылы тапсырмау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді жазбаша түрде қабылдамау, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу фактілері анықталды.
Тәуекелдердің жеке бір бөлігі кадрлық және қаржылық рәсімдерге байланысты. Атап айтқанда, бір санаттағы лауазымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерге сыйлықақыларды біркелкі төлемеу, сыйлықақы мөлшерін айқындаудың бірыңғай өлшемшарттарының болмауы, еңбек демалысы мен іссапар шығыстарын уақтылы төлемеу, сондай-ақ іссапар құжаттарын сапар аяқталғаннан кейін ресімдеу жөніндегі тәуекелдері анықталған.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу саласында мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу қағидаларының талаптарын сақтамау, бір көзден алу тәсілін қолдану кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу, сондай-ақ сатып алу туралы есептерді жарияламау фактілері орын алды.
Аталған мән-жайлар бәсекелестікті шектейді, ашықтық деңгейін төмендетеді және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды қиындатады.
Осылайша, әзірленген ұсынымдар кадр жұмысын жетілдіруге, қаржылық бақылауды күшейтуге, бюджеттік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жетілдіруге және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезіндегі ашықтықты арттыруға бағытталған.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-energy/documents/details/1095104?lang=kk