Темір тапшылығы анемиясы – ағзадағы темір деңгейінің жеткіліксіздігінен туындайтын кең таралған жағдай. Темірдің жетіспеушілігі әлсіздікке, шаршағыштыққа, бас айналуға, еңбек қабілетінің төмендеуіне және зейін қою қабілетінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Темір тапшылығының алдын алу әсіресе балалар, жасөспірімдер және жүкті әйелдер үшін өте маңызды.
Темір тапшылығының алдын алудың тиімді әдістерінің бірі — фортификация, яғни азық-түлік өнімдерін дәрумендермен және минералдармен байыту.
Неліктен құрамы байытылған ұнды тұтыну маңызды?
Қазақстан Республикасында нан өнімдерін пісіруге арналған бидай ұны (жоғары және бірінші сұрыпты) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, заң талабы бойынша темірмен, дәрумендермен, минералдармен және басқа да маңызды қоректік заттармен байытылуы тиіс.
Ұн өндіру барысында дәндердің құрамында табиғи түрде болатын кейбір дәрумендер мен минералдар жоғалады. Байыту (фортификациялау) процесі арқылы ұнға арнайы дәрумендік-минералдық қоспа — құрамында темір, фолий қышқылы, мырыш және В тобындағы дәрумендер болуы мүмкін қоспа — қосылады.
Байытылған ұннан жасалған өнімдерді үнемі тұтыну ағзаға қажетті микронутриенттердің түсуін арттырады және халық арасында темір тапшылығына байланысты жағдайлардың туындау қаупін азайтуға көмектеседі.
Сатып алу кезінде неге назар аудару керек?
Ұн және нан-тоқаш өнімдерін таңдағанда, олардың таңбаламасына (этикеткасына) мән беріңіз. Өндіруші азық-түлік таңбаламасына қойылатын талаптарға сәйкес, өнімнің құрамының байытылғаны туралы ақпаратты көрсетуі тиіс.
Темір тапшылығының алдын алу үшін ет, балық, бұршақ тұқымдастар және құрамында темірі мол басқа да тағамдарды қамтитын, әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану режимін ұстану ұсынылады.
Азық-түлікті пайдалы заттармен байыту – тек алдын алу шарасы екенін, ол медициналық диагноз қоюды немесе емдеуді алмастыра алмайтынын есте сақтаған жөн. Егер сізде қатты әлсіздік, терінің бозаруы, бас айналу немесе анемияның басқа да белгілері байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Егер ағзада темір тапшылығы расталса, сізге жеке емдеу жоспары тағайындалады.
Дұрыс тамақтану – дұрыс азық-түлік таңдаудан басталады! Құрамы байытылған ұнды және одан жасалған өнімдерді тұтыну – ағзаға қажетті микронутриенттерді көбірек алудың және темір тапшылығы анемиясының алдын алуға көмектесетін қолжетімді тәсіл.