Анықтама РММ «Ақтоғай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері туралы

 

Анықтама

РММ «Ақтоғай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері туралы

 

 

        Павлодар.қ                                                                                  23.09.2026 жыл

 

Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (бұдан әрі – Департамент) басшысының 2026 жылғы 08 қыркүйектегі № 23-36-1-03-204-ө «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығы негізінде жұмыс тобымен РММ «Ақтоғай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында» (бұдан әрі – Басқарма) 2025 жылғы 01 мамырдан 2026 жылғы 01 мамырға дейінгі кезеңдегі жетекшілік ететін сала мәселелері бойынша тексеру жүргізілді.

 

Ауруханаішілік инфекцияларды бақылау бөлімі

 

Тексерілетін кезеңде Басқарма халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында 12 тергеп-тексеру жүргізген.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің фактілері анықталған жоқ.

 

Білім беру және тәрбие объектілерін бақылау

Тексерілетін кезеңде білім беру және тәрбие объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма тарапынан жоспарлы тексерулер жүргізілген жоқ.

Ақтоғай ауданы прокуратурасының тексеру тағайындау туралы қаулысы негізінде Павлодар облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ақтоғай ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-не жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Анықталған бұзушылықтар бойынша Ақтоғай ауданының прокуратурасына анықтама жолданды.

2025 жылғы 20 желтоқсандағы № 2-1304-25-00836 тексеру нәтижелері туралы анықтама негізінде заңды тұлғаға айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің фактілері анықталған жоқ.

Басқарма жеке тұлғаның 1 өтінішін қарады. Өтініш ҚР ӘПК талаптарына сәйкес қаралды, өтінішті қарау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

 

 

Мемлекеттік қызметтер көрсету

Тексерілетін кезеңде білім беру және тәрбие объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар мен уәжді бас тартулар бермеген.

Сонымен қатар, заңды тұлғаның атауының өзгеруіне байланысты бұрын берілген 8 санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды объектілерге (мектептерге) тексеру жүргізбестен қайта ресімделді.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзу фактілері анықталған жоқ.

 

Тамақтану объектілерін бақылау

Тексерілетін кезеңде тамақтану объектілерін бақылау бөлімі бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру кестесіне сәйкес тексерулер, бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілген жоқ. Жеке және заңды тұлғалардан өтініштер түскен жоқ.

Мемлекеттік қызметтер көрсету

Басқарманың мамандары эпидемиологиялық маңызы жоғары объектілерге, сондай-ақ санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу жобаларына санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Тексерілетін кезеңде осы бағыт бойынша уәжді бас тартулар берілген жоқ.

Elicense.kz ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, тексерілетін кезеңде мемлекеттік қызмет көрсетуге 1 өтініш түскен – «Нұрболат» шаруа қожалығынан, 175 отыратын орны бар, Ақтоғай ауылы, Абай көшесі, 66 мекенжайында орналасқан «Арман» мейрамханасына қатысты (бұдан әрі – «Нұрболат» ШҚ). Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері сақталған.

Сонымен бірге мемлекеттік қызмет көрсетуге берілген өтініш құрамындағы құжаттарды талдау барысында мынадай кемшіліктер анықталды.

«Нұрболат» ШҚ сумен жабдықтау көзі ұңғыма (түтікшелі құдық) болып табылатын, тарату желісінен (мейрамхана асханасынан) алынған су құбыры суының санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері бойынша зертханалық зерттеулер хаттамаларын ұсынған, бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығымен бекітілген «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларының» 8-қосымшасының 5-бөлімі талаптарына қайшы келеді.

Сонымен қатар Павлодар облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалы (бұдан әрі – ҰСО ПО) жүргізген ұсынылған сынақтар (зертханалық зерттеулер) хаттамаларында зертхананың тиісті зерттеу саласында аккредиттелгенін растайтын мәліметтер, оның ішінде аккредиттеу туралы құжаттың нөмірі мен берілген күні, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі көрсетілмеген.

Осылайша, өтінішті қарау кезінде Басқарма мамандары ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тиісті деңгейде тексеруді қамтамасыз етпеген, бұл өтініш беруші ұсынған құжаттардың толықтығы мен сәйкестігін бағалау бөлігінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің бұзылғанын көрсетеді.

«Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес өндірістік бақылау нәтижелері туралы келіп түскен ақпаратқа талдау жүргізілді, олар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар).

Кәсіпкерлік субъектілері өндірістік бақылау нәтижелері туралы ақпаратты Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Басқармаға ұсынады.

Мәселен, 2026 жылғы 5 қаңтарда Ақтоғай ауылында қоғамдық тамақтану саласында қызметін жүзеге асыратын «Ақтоғай Агро» ЖШС 2025 жылға арналған өндірістік бақылау нәтижелері туралы ақпарат ұсынған.

Ұсынылған мәліметтерді қарау барысында ақпараттың дұрыс көрсетілмегені және толық көлемде ұсынылмағаны анықталды, атап айтқанда: мәліметтер өсу қорытындысымен берілмеген; жүргізілген зертханалық зерттеулердің саны туралы ақпарат жоқ; зерттелген сынамалардың атаулары көрсетілмеген; объект қызметкерлерінің медициналық қарап-тексеруден өткені туралы мәліметтер жоқ; дезинсекция және дератизация бойынша жүргізілген іс-шаралар туралы мәліметтер жоқ; тамақ өнімдеріне жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижелері толық көлемде көрсетілмеген.

Сонымен қатар жүргізілген өндірістік бақылау шеңберінде «қарақұмық жармасынан жасалған гарнир» дайын өнімінің сынамасынан микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталып, КМАФАнМ анықталған. Алайда кәсіпкерлік субъектісі ұсынған ақпаратта осы сынаманың зертханалық зерттеу хаттамасының нөмірі мен күні, сондай-ақ тиісті жағдайларда көзделген екі еселенген мөлшерде қайта зерттеу жүргізілгені туралы мәліметтер, қайта зерттеу нәтижелері, хаттаманың күні мен нөмірі көрсетілмеген.

Осылайша, дайын өнімнің зертханалық расталған сәйкессіздігі болған жағдайда ұсынылған есептілікте зерттеу нәтижелері және кәсіпкерлік субъектісі жүргізген кейінгі іс-шаралар туралы толық ақпараттың көрсетілуі қамтамасыз етілмеген. Осындай кемшіліктер «Ақтоғай Агро» ЖШС шағын наубайханасы объектісі және «Дархан» кафесі бойынша ұсынылған ақпаратты талдау барысында да анықталды.

Анықталған фактілер Басқарма мамандары жүргізетін өндірістік бақылау нәтижелері туралы келіп түсетін ақпаратты оның толықтығын, дұрыстығын және Санитариялық қағидалар талаптарына сәйкестігін бағалау бөлігінде талдаудың жеткіліксіз тиімділігін көрсетеді.

 

 

Коммуналдық объектілерді бақылау

Тексерілетін кезеңде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуді өткізу тізбесіне сәйкес 2026 жылдың I жартыжылдығына Ақтоғай ауданының нақты сектор экономикасы бөлімінің «Ақтоғай-Су» КМК-нің орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша 9 объектісін тексеру жоспарланған.

Тексеруді тағайындау туралы актінің күні және нөмірі: 07.04.2026 жылғы № 1. Тексеру жүргізу мерзімі: 07.04.2026 ж. – 24.04.2026 ж.

Мақсаты мен қызмет түріне қарамастан объектілерге қатысты тексеру парағының 22-тармағы бойынша «Өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру талаптарын сақтау» мәселесі бойынша тексеру барысында бұзушылықтар анықталған жоқ.

Сонымен бірге СЭБ базасында Қожамжар ауылының су құбырындағы ауыр металдар тұздарының құрамына жүргізілген өндірістік бақылау бойынша мәліметтер болмаған, сондай-ақ Ақтоғай ауданының СЭББ тарапынан Қожамжар ауылының су құбыры бойынша 2026 жылғы 03 сәуірде, 18 наурызда санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің сәйкес келмейтін нәтижелері бойынша «Ақтоғай-Су» КМК-не жолданған ұсынымдарға қатысты «Ақтоғай-Су» КМК-нен СЭББ-ға ақпарат түспеген.

Өндірістік бақылау есептілігін талдау өндірістік бақылау бағдарламасының кемшіліктерін, пайдаланушы ұйым тарапынан ұсынымдардың орындалуына және СЭББ-ға ақпараттың ұсынылуына бақылаудың жоқтығын көрсетеді.

СЭББ маманы тексеру жүргізу кезінде осы фактіні ескермеген, өндірістік бақылау мәселелері нұсқамаға енгізілмеген.

 

Құқықтық жұмыс бөлімі

Бақылау-қадағалау қызметін жүргізу нәтижелері бойынша әкімшілік шаралар:

Электрондық хаттамаларда лауазымды тұлғалар мынадай тұжырымды көрсетеді: «Істі мәні бойынша қарау үшін Ақтоғай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына мына мекенжай бойынша: Ақтоғай ауылы, Қайырбаев көшесі, 103 үйге келу қажет. Жауапқа тартылатын тұлға келмеген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның қатысуынсыз қаралатын болады».

Сонымен бірге аталған тұжырым әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейді және іс жүзінде лауазымды тұлғаның тиісті процессуалдық ресімдеусіз істі қарау тәртібін алдын ала айқындайтынын көрсетеді.

ҚР ӘҚБтК-нің 816-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға дайындау кезінде орган (лауазымды адам), оның ішінде істі қараудың уақыты мен орнын тағайындау, іс бойынша іс жүргізуге қатысатын адамдарды шақыру, қажетті қосымша материалдарды талап ету туралы, ал қажет болған жағдайда – сараптама тағайындау туралы шешімдер қабылдайды.

Осылайша, электрондық хаттаманың мазмұнынан әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаға іс жүзінде көрсетілген мемлекеттік органға келу ұсынылатыны көрінеді, алайда хаттаманың өзінде істі қараудың уақыты мен орнын тағайындау туралы тиісті процессуалдық шешім қамтылмаған.

Бұдан бөлек, келмеген жағдайда іс «оның қатысуынсыз қаралатын болады» деген көрсетілім ҚР ӘҚБтК-нің 816-бабында көзделген тұлғаны шақыру және істі қараудың уақыты мен орнын тағайындау туралы процессуалдық шешім қабылдау рәсімін іс жүзінде алмастырады.

Демек, электрондық хаттамада белгілі бір мекенжайға келу қажеттігі туралы көрсетудің өзі, егер тиісті процессуалдық шешім қабылданбаған және ол тұлғаға заңда белгіленген тәртіппен жеткізілмеген болса, істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар ету ретінде қарастырыла алмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау өздігінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі мәні бойынша қарау болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің ережелеріне сәйкес хаттама жасау болжамды әкімшілік құқық бұзушылықтың мән-жайларын тіркеуге және іс бойынша іс жүргізуді бастауға бағытталған процессуалдық әрекет болып табылады. Хаттаманы жасау фактісінің өзі істің қаралғанын және ол бойынша түпкілікті шешім қабылданғанын білдірмейді.

Бұл ретте заңнамада қысқартылған іс жүргізудің арнайы тәртібі көзделген. ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық анықталған және оны жасаған тұлға анықталған кезде уәкілетті тұлға әкімшілік іс жүргізуді қозғайды және тұлғаға жеті тәулік ішінде айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде айыппұл төлеу құқығын түсіндіреді.

ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабының 2-бөлігіне сәйкес тек белгіленген жеті тәулік мерзімі ішінде айыппұлдың елу пайызы мөлшерінде төленген жағдайда ғана іс мәні бойынша қаралды деп есептеледі, шешім заңды күшіне енді деп есептеледі, ал тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп танылады.

Сонымен бірге ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабының 3-бөлігінде аталған баптың бірінші бөлігінде көзделген құқық пайдаланылмаған немесе тиісінше пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылатыны тікелей көзделген.

Демек, істі мәні бойынша қаралды деп тану үшін заңда көзделген негіздер туындағанға дейін хаттама жасауды істі қараумен және түпкілікті процессуалдық шешім шығарумен теңестіруге болмайды.

Жалпы іс жүргізу тәртібіне өткен кезде іс ҚР ӘҚБтК-нің 43-тарауында белгіленген рәсімдерді сақтай отырып қаралуға жатады. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 813-бабына сәйкес істі қарауға дайындау кезінде, оның ішінде хаттама мен істің өзге де материалдарының дұрыс жасалғаны, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлардың бар-жоғы, сондай-ақ оны қарау үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар анықталады.

Осылайша, хаттама жасау мен істі мәні бойынша қарау әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің әртүрлі сатылары болып табылатыны анық.

Хаттаманың жасалғанының өзі істің мәні бойынша қаралғанын білдірмейді және ҚР ӘҚБтК-де көзделген істі дайындау және кейіннен жалпы тәртіппен қарау рәсімін алмастырмайды.

Демек, хаттаманың өзінде тұлға келмеген жағдайда істің оның қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетудің өзі істің қаралғаны немесе іс бойынша түпкілікті шешімнің тиісінше ресімделгені ретінде қарастырылмайды.

Істі тұлғаның қатысуынсыз қарау мәселесі ҚР ӘҚБтК-де көзделген істі қарау рәсімі шеңберінде және заңда белгіленген процессуалдық кепілдіктерді сақтай отырып шешілуге тиіс.

Аталған факт «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің талаптарын бұзу болып табылады. Ал болашақта әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға шағым жасалған жағдайда, соттың істі тоқтатуы тәуекелі туындауы мүмкін, бұл жауапкершілікке тартылатын тұлғаның мүдделерін лоббилеуге жатқызылуы мүмкін.

РММ «ҚР ДСМ КСЭК Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Ақтоғай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына» ұсынымдар:

1. Мемлекеттік бақылау және қадағалауды ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыру;

2. Бұзушылықтар анықталған кезде ҚР ӘҚБтК талаптарына сәйкес шаралар қабылдау, қажет болған жағдайда материалдарды сотқа жолдау;

3. ҚР қолданыстағы заңнамасын зерделеу бойынша құқықтық жалпы оқытуды жүргізу;

4.  Анықталған бұзушылықтарды ұсынымдарға сәйкес жою жөніндегі Іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Департаменттің персоналды басқару қызметіне 05.10.2026 жылға дейін ұсыну.

5. Анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі Іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты Департаменттің персоналды басқару қызметіне 15.10.2026 жылға дейін ұсыну.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/documents/details/1074876?lang=kk