БҚО ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ КУБОГІ САРАПҚА САЛЫНУДА
Оралдағы Jaiyq Arena спорт кешенінде халықаралық тоғызқұмалақ күніне орай тұңғыш рет Батыс Қазақстан облыстық тоғызқұмалақ федерациясының кубогі сарапқа салынған турнир өтіп жатыр. Оның ашылу рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихаттың бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Салықов және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Өңірде зияткерлік спорт түрі қарқынды дамып келеді. Орал қаласы мен барлық аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде тоғызқұмалақ бөлімдері жұмыс істейді. Облыста 3 мыңнан астам адам осы спортпен шұғылданса, оның 2 мыңға жуығы – мектеп жасындағы балалар.
Аймақ басшысы ұлттық спорт түрін қолдау шаралары жалғасатынын, алдағы жылдары тоғызқұмалақты дамыту бағытында арнайы кешен салынатынын жеткізді.
Айтулы шарада төл спортты түлетуге атсалысқан азаматтар мен байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан спортшыларға сый-құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, зияткерлік додаға Орал қаласы мен аудандардан келген 160-тан астам спортшы қатысып жатыр.