ПЕДИКУЛЕЗ: АЛДЫН АЛУДЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЖОЛДАРЫ

ПЕДИКУЛЕЗ: АЛДЫН АЛУДЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЖОЛДАРЫ
Педикулез (битшеңдік) — адамның қанымен қоректенетін биттердің паразиттік тіршілігінен туындайтын жұқпалы ауру. Ол кез келген адамда кездесуі мүмкін. Көбіне жақын қарым-қатынас кезінде немесе тарақ, бас киім, сүлгі, киім, төсек-орын және шашқа арналған жеке заттарды ортақ пайдаланғанда жұғады.
Негізгі белгілері — бас терісінің қышуы, тырналған іздер, қызарған дақтар және шашқа берік жабысып тұратын сіркелердің (бит жұмыртқаларының) болуы.
Қалай сақтануға болады?
• Шаш пен денені үнемі таза ұстап, жеке гигиена талаптарын сақтаңыз.
• Тек өзіңізге тиесілі тарақ, сүлгі, бас киім және шашқа арналған бұйымдарды пайдаланыңыз.
• Балаларға бөгде адамның жеке заттарын пайдалануға жол бермеңіз.
• Балалардың шашы мен бас терісін, әсіресе демалыстан, саяхаттан немесе балалар лагерінен кейін мұқият тексеріңіз.
• Төсек-орын мен іш киімді уақтылы ауыстырып, жуып, үй-жайды таза ұстаңыз.
Бит анықталған жағдайда, уақыт өткізбей медициналық ұйымға жүгініп, жасына сәйкес педикулезге қарсы құралды нұсқаулыққа сай қолданыңыз. Отбасының барлық мүшесін тексеріп, қажет болған жағдайда бір мезгілде өңдеу маңызды. Алдағы бір ай бойы шашты жүйелі түрде қарап отырған жөн.
Педикулезден сақтанудың ең тиімді жолы — ұқыптылық, жеке заттарды ортақ пайдаланбау және тұрақты тексеру.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1289062?lang=kk