Алдағы уақытта арнайы мектеп-интернат салу жоспарлана ма?

Алдағы уақытта арнайы мектеп-интернат салу жоспарлана ма?

Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 32-сессиясында депутат Алтын Мұстафинова инклюзивті білім берудің қолжетімділігіне тікелей қатысты мәселе көтерді. Әлеуметтік нысандарды салу жоспарларын талқылау барысында ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған тағы бір мектеп-интернат салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.


Депутат бұл мәселенің өзектілігін жақсы біледі. Көкшетау қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатты басқаратын Алтын Мұстафинова жыл сайын орын тапшылығы мәселесімен кездеседі. Жылдан-жылға арнайы оқытуды қажет ететін балалардың саны артып келеді, ал қолданыстағы мүмкіндіктер сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз.


«Бүгінде осы санаттағы көптеген бала орын тапшылығына байланысты қажетті білімді толық көлемде ала алмай отыр», – деп халық қалаулысы мәселені дер кезінде шешудің маңыздылығына назар аударды.


Депутаттың ұсынысын әріптесі Бекім Әкімов те қолдады. Оның айтуынша, ерекше білім беру жағдайларын қажет ететін балалар үшін лайықты инфрақұрылым қалыптастырып, олардың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.


Талқылау қорытындысы бойынша Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев аталған мәселе бойынша түсініктеме беріп, алдағы уақытта қабылдануы мүмкін шаралар жөнінде депутаттарды хабардар етті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1288104?lang=kk