5 мың шақырым теміржол, 33 млн тонна транзит және 124 вокзалды реконструкциялау
Теміржол инфрақұрылымын дәйекті дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтудың негізгі факторларының бірі болып табылады.
Соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол жолы салынды және жаңғыртылды – бұл шамамен алдыңғы үш онжылдықтағыдан екі есеге көп. Транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетті, ал саланың кірісі 3 трлн теңгеден асты.
«Достық – Мойынты» және «Алматы стансасының айналма теміржол желісі» жобалары аяқталғаннан кейін Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар, Аягөз – Бақты жаңа желілерінің құрылысы, сондай-ақ қолданыстағы желіні жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде тағы 2,2 мың шақырым теміржол жолын салу және жаңғырту қарастырылуда.
Локомотив және вагон паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Отандық Alstom және Wabtec кәсіпорындарымен ынтымақтастықтың арқасында биыл тамыз айында 200-ші және 700-ші мерейтойлық локомотивтер шығарылды.
Заманауи қауіпсіздік жүйелері, бейнебақылау, биодәретханалар және қолжетімді интернетпен жабдықталған жолаушылар вагондарын жаңарту жалғасып жатыр. 2026 жылы 191 жаңа жолаушылар вагонын жеткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырмақ.
Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 5,6 есеге өсті, порттардың қуаты 30 млн тоннаға дейін артады
Теңіз инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның халықаралық логистикадағы рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған. Қазақстандық теңіз порттарының жиынтық қуаты бүгінде 21,8 млн тоннаны құрайды, ал 2030 жылға қарай оны 30 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 5,6 есеге – 800 мыңнан 4,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.
Ақтау және Құрық порттарын дамыту, жаңа терминалдар салу, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, айлақтарды реконструкциялау және теңіз флотын кеңейту жалғасуда. 2029 жылға дейін құрғақ жүктер мен контейнерлік кемелерді қоса алғанда тағы 8 жаңа кеме сатып алу жоспарлануда. Кешенді жаңғырту Транскаспий бағыты мен «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін жыл сайын 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.