2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа Салық кодексінде бейрезиденттердің кірістеріне салық салу тәртібіне бірқатар өзгерістер көзделген. Өзгерістер бейрезиденттердің кірістеріне төлем көзінен салық салу мөлшерлемелерін, бейрезидент жұмыскерлер мен еңбекші көшіп келушілердің кірістеріне жеке табыс салығын есептеу тәртібін, ҚР-дағы көздерден алынатын кірістерді айқындауды, сондай-ақ халықаралық шарттарды қолдану тәртібін қамтиды.
2026 жылдан бастап бейрезиденттердің жекелеген кірістерінің түрлері бойынша төлем көзінен ұсталатын салықтың мөлшерлемелері өзгертілді.
Дивидендтер бойынша, дивидендтерді төлейтін резидент заңды тұлғаның капиталына тікелей немесе жанама түрде кемінде 25 пайыз қатысу үлесіне ие тұлғаға төленетін дивидендтерге:
- 230 000 АЕК-ке дейінгі кіріс сомасына – 5 пайыз;
- 230 000 АЕК-тен асатын кіріс сомасына – 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады.
Кредиттер, қарыздар және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға 10 пайыз мөлшерлеме белгіленген.
Бейрезидент жұмыскердің кірістеріне прогрессивті мөлшерлеме қолданылады:
- күнтізбелік жыл ішінде 8 500 АЕК-ке дейінгі кіріс сомасына – 10 пайыз;
- 8 500 АЕК-тен асатын кіріс сомасына – 15 пайыз.
ҚР-да салық төлеуші ретінде тіркелмеген бейрезидент заңды тұлға Қазақстанға жұмыс істеуге жіберген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне де осы прогрессивті мөлшерлеме қолданылады. Құмар ойындардағы және бәстегі ұтыстарға 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Бейрезиденттердің өзге де кірістеріне салық салу Салық кодексінде көзделген кіріс түріне қарай тиісті мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылады.
Бейрезидент жұмыскерлердің кірістеріне прогрессивті мөлшерлеме қолдану
2026 жылғы негізгі өзгерістердің бірі – бейрезидент жұмыскерлердің кірістеріне жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. 8 500 АЕК мөлшеріндегі шек күнтізбелік жыл үшін айқындалады. 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайтындықтан, 8 500 АЕК 36 762 500 теңгеге тең. Егер жұмыскердің жылдық кірісі белгіленген шектен асатын болса, 15 пайыздық мөлшерлеме бүкіл кіріс сомасына емес, тек белгіленген шектен асатын бөлігіне қолданылады.
Еңбекші көшіп келушілерге салық салу
Жаңа Салық кодексінде бейрезидент еңбекші көшіп келушілердің кірістерін айқындау және жеке табыс салығын есептеу тәртібі нақтыланды. Салық міндеттемелерін айқындау кезінде қызметті жүзеге асырудың әрбір айы үшін белгіленген ең төменгі салық салынатын кіріс, нақты алынған кіріс және Салық кодексінде көзделген салықтық шегерімдер ескеріледі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарына өздерінің салықтық мәртебесін және салық міндеттемелерін орындау тәртібін дұрыс айқындау қажет.
Бейрезиденттердің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын кірістері
Бейрезиденттің салық міндеттемелерін айқындау кезінде алынған кірістің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кіріске жататынын анықтау маңызды. Мұндай кірістерге, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан және қызметтер көрсетуден алынған кірістер, дивидендтер, сыйақылар, роялти, құн өсімінен алынатын кірістер және Салық кодексінде көзделген басқа да кірістер жатады. Бейрезидентке кіріс төлеу кезінде кірістің түрін, жұмыстардың орындалу немесе қызметтердің көрсетілу орнын және салық салу мақсаттары үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды айқындау қажет.
Бейрезиденттің тұрақты мекемесі
Шетелдік компания Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырған кезде оның тұрақты мекемесінің пайда болу мүмкіндігін де ескеру қажет. Тұрақты мекеме пайда болған жағдайда бейрезиденттің кірістеріне салық салу Салық кодексінің тұрақты мекемелерге қатысты арнайы нормаларын ескере отырып жүзеге асырылады. Сондықтан шетелдік компаниялармен шарттар жасасу кезінде шарт талаптарымен қатар бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы нақты қызметінің сипатына да талдау жүргізу қажет.
Халықаралық шарттарды қолдану
Бейрезиденттердің кірістеріне салық салу кезінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының ережелері маңызды рөл атқарады. Заңнамада белгіленген жағдайларда қажетті растайтын құжаттар болған кезде тиісті халықаралық шарттың ережелері қолданылуы мүмкін. Негізгі құжаттардың бірі – кіріс алушының салықтық резиденттігін растайтын құжат. Бұл ретте салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолдануға негіздердің болуын және Салық кодексінде белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Салық агентінің міндеттері
Бейрезидентке кіріс төлеген кезде салық агенті:
- кіріс алушының салықтық мәртебесін;
- төленетін кірістің түрін;
- кірістің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кіріске жататынын;
- жұмыстардың орындалу немесе қызметтердің көрсетілу орнын;
- тұрақты мекеменің болуын;
- халықаралық шартты қолдану мүмкіндігін;
- қолданылатын салық мөлшерлемесін;
- төлем көзінен салық ұстап қалу қажеттілігін;
- салық міндеттемелерін орындау тәртібі мен мерзімдерін айқындауы қажет. Консультациялық, басқарушылық, техникалық, инжинирингтік және басқа да қызметтер үшін бейрезиденттерге төленетін кірістерге ерекше назар аудару қажет.
Қорытынды
Осылайша, 2026 жылдан бастап бейрезиденттерге салық салу тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Негізгі өзгерістерге бейрезиденттердің жекелеген кірістеріне прогрессивті мөлшерлемені енгізу, салық мөлшерлемелерін өзгерту, бейрезидент жұмыскерлер мен еңбекші көшіп келушілердің кірістеріне салық салу тәртібін нақтылау, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кірістерді айқындау тәртібін жетілдіру жатады.
Салық міндеттемелерін дұрыс орындау мақсатында салық агенттеріне бейрезиденттерге жүргізілетін әрбір төлемге мұқият талдау жасап, Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасының талаптарын ескеру қажет.