Келес ауданында білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Биылғы алқалы жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды. Іс-шара Абай ауылындағы Ә.Кенжеев атындағы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы білім басқармасының өкілі, аудан прокурорының орынбасары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, педагогтер мен ардагер ұстаздар қатысты.
Жиын алдында қатысушылар «Конституция және білім» интерактивті аймағын аралап, білім саласының негізгі бағыттарын қамтыған көрмемен танысты. Сонымен қатар өткен оқу жылындағы жұмыстар мен жетістіктерді көрсететін бейнероликтер ұсынылды. Кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубай 2025-2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңдегі міндеттерді таныстырды. Кеңесте аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім сапасын арттыру мен адами капиталды дамыту ауданның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтарын дәріптеу, адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі. Балалардың болашағы мен қауіпсіздігі – баршамызға ортақ әрі басты міндет. Осы бағытта аудан әкімдігі білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп, балалардың мектепте де, мектептен тыс уақытта да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейте береді. Әрбір бала өзін қауіпсіз сезініп, сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Алдағы оқу жылында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын нақты нәтижемен байланыстыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, дарынды балаларды қолдау басты басымдықтар болуы тиіс. Осының барлығы бір мақсатқа – сапалы адами капитал қалыптастыруға бағытталуы керек, – деді аудан әкімі.
Кеңес барысында білім саласына еңбегі сіңген бірқатар педагогтер марапатталып, олардың кәсіби еңбегіне құрмет көрсетілді. Сондай-ақ ардагер ұстаздарға арнайы құрмет көрсетіліп, оқушылар тарапынан гүл шоқтары табысталды. Жиында білім берудегі құқықтық мәдениет, цифрландыру, заманауи серіктестік, ұлттық тәрбие және рухани сабақтастық мәселелері де кеңінен қозғалды. BilimGroup өкілі Ізбасар Амангелдин білім беру үдерісіндегі цифрлық мүмкіндіктер туралы ой бөліссе, ақын Қыздаркүл Омарова ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардың сабақтастығы жөнінде пікір білдірді.
Кеңестің маңызды бөлігінің бірі – «Бала құқығы – біздің жауапкершілігіміз» атты цифрлы декларацияны қалыптастыру болды. Қатысушылар бала құқығын қорғау, оның мүмкіндігін ашу және қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша өз ұсыныстары мен ұстанымдарын цифрлық платформа арқылы білдірді.
Тамыз кеңесі өткен оқу жылын қорытындылап қана қоймай, жаңа оқу жылындағы негізгі бағыттарды айқындаған маңызды алаң болды. Алдағы кезеңде Келес ауданында білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін қолдауға, заманауи технологияларды енгізуге және әр балаға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасады.