Бүгін Жамбыл ауданына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан ономаст-ғалымдарының қоғамдық бірлестігі «Ономастар одағы» бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында ғылыми-зерттеу тобы келді

Экспедиция «Теріскей өлкесінің тарихи іздері» тарихи-танымдық ғылыми экспедициясы аясында ұйымдастырылды.

Экспедиция құрамында жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекенова Гүлнар Шияповна, ғылыми-зерттеу тобының мүшелері Тоғыс Мәулен Мырзағұлұлы және Касимова Дильназ болды.

Кездесуді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Шүмеков Эльдар Сапарұлы ашып, экспедиция мүшелеріне сәттілік тілеп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында аудан аумағындағы тарихи жер-су атауларының шығу төркініне қатысты құнды деректер жинақталып, өлкетанушылармен, тарихшылармен және жергілікті тұрғындармен пікір алмасылды.

Кездесуге ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, педагогтер, мәдениет саласының өкілдері және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

 Мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстары тарихи-мәдени мұраны сақтау, тарихи атауларды жүйелеу және ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ovp-zhambyl/press/news/details/1284547?lang=kk