Хельсинки, 2026 жылғы 25 қараша – Бүгін Финляндия астанасында «EastCham Finland» халықаралық сауда палатасының қолдауымен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған кеңейтілген бизнес-кездесу өтті.
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерінің басшылығы, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдері мен «Elematic», «Peikko Group», «Konecranes», «Sweco Finland», «Valio»,
«Valmet Flow Control» секілді 30-ға жуық фин компанияларының басшылары қатысты.
Кездесуді ашқан ҚР Елшісі А.Әбдраимов екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар дипломат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға, атап айтқанда, 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда жоспарланып отырған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар фин бизнесі үшін құрылыс технологиялары, энергия тиімділігі, инженерлік шешімдер және заманауи жабдықтар жеткізу салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Бизнес-кездесу барысында қазақ делегациясының мүшелері елдің инвестициялық ахуалы, шетелдік инвесторларды қолдау тетіктері, сондай-ақ басым инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымды дамыту бағыттары туралы таныстырылымдар жасады.
Кездесу аясында өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, машина жасау, көлік және логистика, цифрландыру мен таза технологиялар салаларындағы өзара іс-қимыл әлеуеттері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және әлеуетті бірлескен жобаларды одан әрі пысықтауға өзара қызығушылық білдірді.