Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында өткен жасанды интеллект жөніндегі AI Journey 2026 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде озық технологиялар мен жасанды интеллект жаһандық инфрақұрылымның негізіне айналып келе жатқанын атап өтіп, бұл бағыт Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі басымдықтарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысының бағалауынша, биыл әлемде жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын қаражат көлемі шамамен 2,7 триллион АҚШ долларына жетуі мүмкін. Ал оны күнделікті қызметінде қолданатын ұйымдардың үлесі соңғы екі жылда 55 пайыздан 88 пайызға дейін өскен. Геосаяси шиеленіс жағдайында Президент жаңа бөліну сызықтарының пайда болуына жол бермеуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты ашық ұстауға шақырды.
Қазақстанда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, осы саланы дамытудың институционалдық негізі қалыптастырылды. Жаңа Конституция қабылданып, «Жасанды интеллект туралы» заң, Цифрлық кодекс және Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Атқарылған жұмыстың нақты нәтижелері де бар:
- Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта қолжетімді. eGov Mobile қосымшасын пайдаланушылар саны 13 миллионға жетті. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан әлем бойынша 16-орынға көтерілді;
- IT-қызметтер экспорты 1 миллиард АҚШ долларынан асты. Astana Hub технопаркінде 2 700 компания жұмыс істейді. Олардың жиынтық табысы 7 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанның алғашқы «бірмүйіз» стартапы – капиталдандыру құны 10 миллиард долларға бағаланған Higgsfield компаниясы;
- AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан астам студент жасанды интеллектіні меңгеріп жатыр. Ал AI Challenge бастамасы нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін әзірлеушілер мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өзара байланысын нығайтуға бағытталған.
Президент жаңа технологиялық дәуірдің сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беру және екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін төрт басым бағытты атап өтті:
– энергетика: есептеу қуаттарының артуы деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтыну көлемін еселеп көбейтеді. Сенімді энергия өндіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдады. Оның алғашқысы – «Балқаш» АЭС-і. Жоба Ресеймен серіктестікте, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының жетекші рөлімен жүзеге асырылып жатыр.
– көлік және логистика: Smart Cargo және AI Jol жобалары, сондай-ақ электрондық жүкқұжатты пайдалану арқылы жүзеге асырылған пилоттық тасымалдар негізінде екі елдің ақпараттық жүйелерінің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік бар.
– білім беру: жасанды интеллект дәуірінде өскелең ұрпақтың сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында Президент AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтерге арналған бірлескен жобаларды іске қосуды ұсынды.
– киберқауіпсіздік: жаңа технологияларды қылмыстық мақсатта пайдалануға қарсы күрес екі елдің тығыз үйлестіруін талап етеді. Мұндай ынтымақтастықтың қажеттілігін 6 қарашада Астанада өткен Ақаба үдерісінің саммиті де көрсетті.
Жұмыс сапарының бағдарламасы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге AI Journey 2026 халықаралық конференциясының көрме алаңын аралап, жасанды интеллект саласындағы Қазақстан мен Ресейдің жетістіктерін паш ететін стендтермен танысты.
Қазақстанның көрме алаңында «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, «Көлік және FinTech салаларындағы ЖИ» секілді алты негізгі бағыт қамтылған.
Бұдан бөлек, конференция аясында екі елдің президенттері жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесті.