Бір әңгіме – бір тағылым: ШҚО полиция ардагерлері жас қызметкерлермен кездесті

Бір әңгіме – бір тағылым: ШҚО полиция ардагерлері жас қызметкерлермен кездесті

Бір әңгіме – бір тағылым: ШҚО полиция ардагерлері жас қызметкерлермен кездесті

Қызметтің алғашқы жылдары – кәсіби дағдылар қалыптасып, жұмысқа деген көзқарас пен жеке жауапкершілік орнығатын маңызды кезең. Бұл уақытта тәжірибелі әріптестердің қолдауы, ақыл-кеңесі мен өнегесі ерекше қажет. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жас қызметкерлеріне ішкі істер органдарының ардагерлері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуді Департаменттің Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов ұйымдастырды. Әңгімеге ішкі істер органдарының ардагері Айбек Жақанбаев та қатысты. Жиынға криминалдық полиция бөлімшелерінің жас қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары жиналды.

Ардагерлер қызметтік міндеттерді орындаудың артында әрдайым жеке жауапкершілік тұратынын атап өтті. Олар кәсіби тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, сабырлылық пен табандылықтың, заңды жетік білудің және азаматтарға құрметпен қараудың маңыздылығына тоқталды. Өйткені полицейдің жұмысына тек ашылған қылмыстар мен қызметтік көрсеткіштер арқылы ғана емес, күнделікті түрлі жағдайларда өзін қалай ұстайтынына қарап та баға беріледі.

Кездесу барысында тәлімгерлердің рөліне де ерекше назар аударылды. Тәжірибелі әріптестің жанында жүріп, жас қызметкер теориялық білімін іс жүзінде қолдануды, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды және қызметтік тәртіптің мәнін түсінуді үйренеді.

Мұндай кездесулердің құндылығы – кейінгі буынға тек жинақталған тәжірибені ғана емес, мамандыққа деген дұрыс көзқарасты да жеткізуінде. Кейде ұзақ жылдар бойы қызмет еткен азаматтың бір ауыз ақылы жас маманның алдағы еңбек жолына бағыт-бағдар беріп, маңызды өмірлік ұстанымына айналуы мүмкін.

 

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1338673?lang=kk