Ауладағы тазалық – ортақ жауапкершілік: Алтай қаласында ірі көлемді қоқыс тастаған тұрғын жауапқа тартылды
Қоқысты контейнер алаңына апарып, жанына тастап кету – жиі кездесетін жағдай. Алайда бұл абаттандыру талаптарын бұзу болып саналады. Алтай ауданында полицейлер белгіленбеген жерге ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды қалдырған тұрғынға қатысты шара қабылдады.
Құқық бұзушылық Алтай қаласындағы Солнечная көшесінде кешкі уақытта тіркелген. Тұрғын ірі көлемді қоқысты контейнер алаңының жанына қалдырып кеткен.
Осы дерек бойынша оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Істі қарау қорытындысымен тұрғынға ескерту жасалды.
Полиция ірі көлемді қалдықтарды кәдімгі тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне немесе олардың жанына тастауға болмайтынын ескертеді. Мұндай әрекет ауланың тазалығына нұқсан келтіріп қана қоймай, коммуналдық қызметтердің жұмысына да кедергі келтіреді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты әр тұрғынға ортақ. Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – тек коммуналдық қызметтердің емес, әрбір азаматтың міндеті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі