«Самғау» арнайы балабақшасының ашылуы Есет батыр шағынауданында тұратын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін маңызды оқиға. Енді олардың үйіне жақын жерде балаларға кешенді көмек көрсетіліп, бейінді мамандармен жұмыс істеуге және қолайлы ортада дамуға мүмкіндік беретін мамандандырылған мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бұл ата-аналар үшін қаланың әр ауданына қатынап уақыт жоғалтпауға, сондай-ақ қажетті қызметтердің барлығын бір жерден алуға жол ашты.
Жаңа балабақшаның ашылуы әсіресе Есет батыр шағынауданында отбасымен бірге тұратын, ерекше білім беру қажеттіліктері бар үш баланың анасы Гаухар Искакова үшін айрықша маңызға ие. Оның айтуынша, бұған дейін балаларын қаланың әр бөлігінде орналасқан түрлі түзету орталықтарына апаруға тура келген. Бұл көп уақытты алып, қосымша шығынды талап ететін. Енді балалардың дамуына қажетті жағдай мен бейінді мамандардың көмегі үйінің жанынан табылды.
«Менің ерекше қажеттіліктері бар үш балам бар. Бұған дейін оларды ақылы орталықтарға және бассейнге апаруыма тура келетін. Бұл көп қолайсыздық туғызды. Оның үстіне, осы жағдайларға байланысты жұмыс істеуге де мүмкіндігім болмады. Енді Мемлекет басшысының қолдауының арқасында барлық қажетті жағдай жасалған осындай тамаша балабақша ашылды. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен көмек. Қаржылық жағынан да тиімді, өйткені балаларға қажетті қызметтердің барлығы бір жерде көрсетіледі. Мұнда көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу тілінде кемшілігі бар, сондай-ақ психикалық дамуы тежелген балаларға арналған заманауи жағдай жасалған. Сонымен қатар, мен өз мамандығым бойынша осы балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Осындай мүмкіндік жасап, балаларымыз бен біз сияқты жағдайдағы ата-аналарға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына аналық жүрегіммен шынайы алғысымды білдіремін», – деді Гаухар Искакова.
Ал Есет батыр шағынауданында тұратын Ләззат Уразгулова да жаңа балабақшаның ашылуы жергілікті отбасылар үшін үлкен қолдау болғанын тілге тиек етті.
«Барлық ата-ананың атынан балаларға көрсетіп отырған қамқорлығы мен әлеуметтік жобаларды қолдағаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында Ақтөбе қаласында «Самғау» арнайы балабақшасы ашылды. Бұл – балаларымыз үшін білім алуға, дамуға және құрдастарымен араласуға берілген жаңа мүмкіндік. Ал ата-аналар үшін қажетті күтім мен қолдаудың көрсетілетініне деген сенім. Осы жобаны жүзеге асыруға қатысып, балабақшаның ашылуына үлес қосқан барша азаматқа ерекше алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, амандық және игі істеріңізге табыс тілеймін! Балаларымыз бақытты болып, әрдайым қамқорлық пен мейірімге бөленіп өссін!» – деп тілек білдірді Ләззат Уразгулова.
Айта кетейік, жаңа балабақшаның ашылуы ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарына жұмысқа орналасуға да мүмкіндік берді. Гаухар Искакова тәрбиеші, ал Ләззат Уразгулова шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасты.
Осылайша, «Самғау» балабақшасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дамуы мен қолдауына жағдай жасаумен қатар, олардың ата-аналарына да еңбекке араласып, кәсіби дағдыларын жүзеге асыруға және әлеуметтік дербестігін арттыруға септігін тигізіп отыр.