Қауіпсіздік күзетіндегі ғасырға жуық тарих: ТЖМ Ағадырдағы өрт сөндіру бекетін жаңартты

Қауіпсіздік күзетіндегі ғасырға жуық тарих: ТЖМ Ағадырдағы өрт сөндіру бекетін жаңартты

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ағадыр кентінде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ауқымды жаңғыртудан кейін №26 өрт сөндіру бекеті мен төтенше жағдайлар бөлімін ашты.

1948 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өрт сөндіру бекеті 78 жыл ішінде алғаш рет кешенді жаңартудан өтті. Бөлімше Ағадыр кенті мен оған іргелес елді мекендердің 13 мыңнан астам тұрғынын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

Ғимаратта қызметтік және тұрмыстық бөлмелер толық жаңартылып, «Batyr Team» спорт залы жабдықталды. Құтқарушылардың тәулік бойы қызмет атқаруына және демалуына қажетті жағдайлар жасалды. Алты бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасына арналған жаңа ангар салынды.

«Ғимараттарды жаңартып, бөлімшелердің техникалық жарақтандырылуын жаңғырту арқылы құтқарушыларымыздың қызмет атқаруына лайықты жағдай жасаймыз. Басты міндет – адамдардың қай жерде тұратынына қарамастан, оларға уақтылы көмек көрсету», – деп атап өтті ТЖ министрі.

Жаңартылған өрт сөндіру бекетінің ашылуы азаматтық қорғау қызметінің ардагері Мұрат Туяков үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды.

«Мен бұл сәтті 25 жыл бойы, қызмет еткен уақытымда күттім. Қазір мұнда жұмыс істемесем де, барлығы үшін шын жүректен қуаныштымын», – деп бөлісті ардагер.

Ашылу күні министр бөлімшеге жүріп өту мүмкіндігі жоғары жаңа арнайы автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ нысанды жаңғыртуға үлес қосқан қызметкерлер мен кәсіпкерлерге ведомстволық наградалар табысталды.

Бүгінде өрт сөндіру бекетінде 17 қызметкер қызмет атқарады. Бөлімше жеке құраммен толық жасақталған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/1338628?lang=kk