ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ: ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАРЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ?

ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ: ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАРЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру азаматтарға өздерінің әлеуметтік кепілдіктерін бақылауды барынша жеңіл әрі қолжетімді етті.

Бүгінде әрбір жұмыс істейтін азамат өзінің әлеуметтік қорғалу деңгейіне көз жеткізу үшін бухгалтерияға жүгінуге немесе ХҚКО-ға барып әуре болмайды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) түскен аударымдар туралы барлық ақпарат онлайн режимінде қолжетімді.

Маңызды ақпарат! Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен ай сайын (әр айдың 25-інен кешіктірмей) тұрақты әрі толық көлемде аударатын әлеуметтік аударымдар қызметкердің әлеуметтік кепілдіктерге ие болу құқығын қалыптастырады.
Бұл – ана мен баланы қолдаудан бастап, жұмысынан айырылған, еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе асыраушысынан айырылған жағдайда көрсетілетін әлеуметтік қолдауға дейінгі кепілдіктер.

Әлеуметтік аударымдарды тексеру толығымен цифрландырылған, бар болғаны бірнеше минутта көруге болады. Қажетті мәліметтерді алудың екі ыңғайлы жолы бар.

eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасында қолжетімді.

Бұл үшін төрт қарапайым қадамды орындау керек:

1. eGov.kz порталына кіріп («Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімі) немесе eGov Mobile қосымшасын ашып («Жеңілдіктер, жәрдемақылар және зейнетақы» бөлімі), қызметтер тізімінен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін таңдаңыз. Қажетті қызметті іздеу жолағы арқылы да оңай табуға болады.

2. Ашылған беттегі «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз.

3. Төлемдерді тексергіңіз келетін кезеңді көрсетіп, сұранымды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), SMS-код немесе қосымшадағы биометриялық сәйкестендіру арқылы растаңыз.

4. Нәтижесін күтіңіз. Әрбір аударымның сомасы мен күнін қамтитын дайын анықтама 10 минут ішінде жеке кабинетіңіздегі «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне түседі.

Банктердің мобильді қосымшалары арқылы да мәліметтерді ала аласыз.

Әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты өзіңіз күнделікті пайдаланатын Kaspi.kz немесе Halyk қосымшалары арқылы да тексеруге болады.

Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «Анықтамалар» бөлімін ашыңыз, «Әлеуметтік аударымдар» қызметін таңдаңыз.

Барлық төлемдер туралы мәлімет қамтылған дайын құжат бірнеше секунд ішінде экранда қалыптасады. Қажет болған жағдайда оны жүктеп алуға болады.

Егер тексеру барысында қандай да бір ай үшін аударым түспегенін немесе толық көлемде аударылмағанын байқасаңыз, деректерді нақтылау үшін жұмыс орныңыздағы бухгалтерияға жүгінген жөн.

Әлеуметтік төлемдерді есептеу және тағайындау мәселелері бойынша 1414 нөмірі арқылы Бірыңғай байланыс орталығынан тегін кеңес алуға болады.

Заманауи мемлекеттік қызметтер әрбір қазақстандыққа әлеуметтік аударымдарын оңай бақылап, ресми жұмысының әлеуметтік қорғалуына негіз болатынына бірнеше батырманы басу арқылы көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-almaty/press/news/details/1338338?lang=kk