27 қарашада Жастар сарайында Қостанай облысы әкімінің қатысуымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен агроөнеркәсіптік кешен өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын барысында адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ауыл шаруашылығы саласының 54-тен астам қызметкері мемлекеттік, ведомстволық және өңірлік наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» III дәрежелі ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы және Қостанай облысы әкімінің Грамотасы табысталды.
Іс-шара соңында ауыл шаруашылығы саласының барлық қызметкерлеріне мерекелік құттықтаулар айтылып, зор денсаулық, отбасыларына амандық, бақ-береке, мол өнім және кәсіби табыс тілектері білдірілді.
Барша ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз жемісті, ырыс-берекелеріңіз мол болсын!