Полицей ару Әсем Прмағанбет - әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Ол түсірген бейнероликтер ақпараттық кеңістікте миллиондаған қаралымдар жинап, мыңдаған пікірлер тудырады.
Әсем әлеуметтік желідегі танымалдылықты алғашында өзі де күтпеген. Кездейсоқ бейнежазба 2023 жылы патрульдік полицияда қызмет етіп жүргенде басталған. Ақтөбедегі ең қарқынды қиылыстардың бірі Ә.Молдағұлова-Сәңкібай батыр даңғылдарында бағдаршамның кенеттен істен шығуы көлік кептелісін тудырып, қозғалысты қиындатқан. Әсем Прмағанбет дереу сонда жолданып, автокөлік қозғалысын реттеуге кіріскен. Патрульдік полиция формасындағы нәзік жанды реттеушінің қиылыстағы шебер іс-қимылы жүргізушілерді тәнті еткен. Адамдар оны ұялы телефондарына түсіріп, бұл әлеуметтік желілерде бірнеше мыңдаған қаралымдар жинаған.
Бүгінде полиция майоры Әсем Әлібекқызы Ақтөбе қаласында Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы лауазымын атқара жүріп, танымал әлеуметтік желілерде қызметінің қыр-сырымен бөліседі. Өзінің Тик-Ток желісіндегі @asem.police04 және Инстаграм желісіндегі @patrol_police_aktobe парақшаларында жол қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпараттармен бөлісіп, халыққа қажетті мәліметтерді қарапайым тілмен түсіндіріп, жеткізеді.
«Алғашында өз парақшаларымды ашып, қызметімнің қыр-сырымен бөлісе бастағанымдағы мақсатым – адамдарға патрульдік полиция жұмысының оңай еместігін, адамдардың амандығы үшін жолда тұрған жігіттеріміздің еңбегін, маңдай терін шынайы түрде жеткізгім келді. Кейін Тик-токтағы парақшама көптеген адамдар хабарласып жылы лебіздерімен қатар, ұсыныс-пікірлерін, сұрақтарын жаза бастады. Сондықтан, парақшамда жол қауіпсіздігіне қатысты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастадым» дейді Әсем Әлібекқызы.
Полицей арудың «Білгеніңіз абзал», «Заң мен тәртіп», «Біздің полиция» айдарымен жариялаған контенттері жүргізушілерге ғана емес, оқушыларға да аса пайдалы болып, университеттер мен мектептерден білім алушыларға дәріс оқып кету туралы ұсыныстар түсе бастаған. Тіпті, еліміздің басқа өңірлерінен де ұсыныстар түсіп, оқырмандарға жол қауіпсіздігіне, полицияда қызмет етуге қатысты онлайн сабақтар өткізген.
«Парақшаларымдағы контент халыққа заңды түсіндіруге, әрбір азаматтың өз құқықтарын білуіне бағытталған. Мақсатым – танымал болу емес, қоғамға пайдалы болу. Тұрғындарға заңның қолжетімділігін қамтамасыз ету» деп тұжырымдайды полиция майоры.
Әсем әлеуметтік желідегі парақшаларын өзі жүргізеді. Арудың айтуынша, контент түсіруге идеяларды көбіне тұрғындардың өзі тастайды, яғни көбіне ол азаматтардан келіп түскен, оларды толғандырған сұрақтарға жауап береді. Бейнероликтер түсіруге оған әріптесі полиция лейтенанты Әділ Снабек көмектеседі. Материалдарды олар негізінен түскі үзіліс кезінде немесе жұмыстан кейінгі уақытта түсіреді. «Камераға түсіру мен монтаждау жұмыстары – толықтай әріптесім Әділдің еңбегі» - деп жымияды Әсем.
Көшелерде патрульде жүрген кезінде Әсем Әлібекқызымен ұшырасқан бейтаныс адамдар оны жиі танып, пайдалы ақпараттары үшін алғыс айтып жатады. Күлімсірей амандасып, қызметіне сәттілік тілеп кетеді. Патрульдік автокөлікті тізгіндеген майор ешбір құқық бұзушылықты қалт жібермейді. Әсемнің патрульдік көлігін көрген жүргізушілер тез бой түзеп жатады. Көшеде шақыртуға асыққан жедел жәрдем көлігін көрсе, дереу оны сүйемелдеуге көшеді. Жуырда ғана сондай бір сәтті жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі байқатпай түсіріп алып, Әсемге деген ризашылықпен әлеуметтік желіде жариялаған.
Әріптестері Әсемнің еңбекқорлығымен қатар, мейірімділігін, әрбір адамға деген жанашырлық қасиеттерін жоғары бағалап, ерекше сыйлайды. Ер адамдармен «қыңқ» деместен күн-түні иық тіресе қатар қызметте жүрген нәзік ару өз ісін сүйіп атқаратын нағыз маман.
«Өз жұмысымды сүйіп атқарамын. Патрульдік полицияда қызмет ету – бұл әрбір оқиғаның басы-қасында болу, әрбір шақыртуға бірінші боп жету. Мұнда әрбір күнің бір-біріне ұқсамайды. Түрлі тағдырлар, оқиғалар. Бастысы - қоғамға пайдалы болу» - дейді полиция майоры Әсем Прмағанбет.
«Пайдалы контент»: Полицей арудың бейнероликтері миллиондаған қаралым жинаған
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1338330?lang=kk