Мүгедектік мерзімін есептеу тәртібі

Мүгедектік мерзімін есептеу тәртібі

 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес, мүгедектік мерзімі куәландырылатын адамның жасын, организм функциялары бұзылуының дәрежесін, тіршілік әрекетінің шектелуін, оңалту әлеуеті мен оңалту болжамын ескере отырып белгіленеді.

Мүгедектік белгіленетін мерзімдер:

* 7 жасқа дейінгі балаларға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 7 жасқа толғанға дейін;

* 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 18 жасқа толғанға дейін;

* 18 жастан асқан адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.

Мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеу (7-1-қосымша):

18 жастан асқан адамдарға мүгедектік Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген, мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеуге негіз болатын аурулар мен ақаулар тізбесіне сәйкес белгіленеді.

Мүгедектікті қайта куәландыру мерзімінсіз белгілеу (31-тармақ):

* 18 жастан асқан адамдарға мүгедектік тобы қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетін қайтымсыз анатомиялық ақаулар тізбесіне сәйкес;

* Организм функцияларындағы тұрақты әрі қайтымсыз өзгерістер мен бұзылулар болған, оңалту іс-шаралары толық көлемде, оның ішінде хирургиялық емдеу және/немесе ағзаларды трансплантациялау нәтижесіз болған, сондай-ақ мүгедектік тобы тұрақты сақталып, динамикалық бақылау жүргізілген жағдайда;

* Оңалту болжамы қолайсыз болған кезде, Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген зейнеткерлік жастағы адамдарға белгіленеді.

Динамикалық бақылау мерзімдері:

* I топ – кемінде 4 жыл;

* II топ – кемінде 5 жыл;

* III топ – кемінде 6 жыл.

Аталған динамикалық бақылау мерзімдері мүгедектікті автоматты түрде мерзімсіз белгілеуді білдірмейді. Ол үшін Қағидаларда көзделген барлық талаптар мен шарттар сақталуы қажет.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1338290?lang=kk