МӘС-ні артық кедергілерсіз өткізу: куәландырудың заманауи форматтары және қызметтердің қолжетімділігі

МӘС-ні артық кедергілерсіз өткізу: куәландырудың заманауи форматтары және қызметтердің қолжетімділігі

Көптеген азаматтар үшін МӘС-тен өту белгілі бір қиындықтармен байланысты. Атап айтқанда, медициналық құжаттарды жинау, бірнеше рет тексеруден өту, медициналық ұйымдарға қайта-қайта бару және денсаулық жағдайын үнемі растау қажеттілігі бар.

Қазіргі МӘС жүйесі, ең алдымен, адамға бағытталуы тиіс. Әсіресе ауыр сырқаттары бар азаматтарға, төсек тартып жатқан науқастарға және өздігінен жүріп-тұруы шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінуі қажет.

МӘС жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары:

1. Сырттай куәландыруды дамыту. Медициналық құжаттар шешім қабылдауға жеткілікті болған жағдайда, азаматтың жеке қатысуынсыз МӘС өткізу мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

2. Әкімшілік кедергілерді азайту. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бұрыннан бар анықтамалар мен медициналық мәліметтерді қайта жинау және қайталама тексерулерден өту қажеттілігін қысқарту керек.

3. Қайтымсыз аурулары бар азаматтарға ерекше көзқарас қалыптастыру. Ағза функцияларының тұрақты бұзылуын ескере отырып, заңнамада көзделген жағдайларда мүгедектікті мерзімсіз белгілеу мүмкіндігін қарастыру қажет.

4. Төсек тартып жатқан науқастар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өздігінен МӘС бөліміне келе алмайтын азаматтарға үйінде немесе медициналық ұйымда куәландырудан өту мүмкіндігін қамтамасыз ету маңызды.

5. Сараптамалық шешімдердің ашықтығын арттыру. Әрбір азаматқа мүгедектік тобының неліктен белгіленгені, қандай мерзімге берілгені және шешіммен келіспеген жағдайда оны қалай шағымдауға болатыны түсіндірілуі тиіс.

6. Оңалту қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Мүгедектік белгіленгеннен кейін азамат техникалық оңалту құралдарын, жеке көмекшінің қызметін, инватакси, санаторий-курорттық емделу және басқа да көзделген әлеуметтік қолдау шараларын уақтылы алуы қажет.

Мүгедектікті белгілеу адамның үнемі қиындыққа тап болатын рәсіміне айналмауы тиіс. Егер ауру қайтымсыз сипатта болса және тіршілік әрекетінің шектелуі медициналық құжаттармен расталса, негізсіз қайталанатын куәландыру рәсімдерін барынша азайту қажет.

МӘС жүйесін реформалаудың басты мақсаты - оны азаматтар үшін барынша түсінікті, қолжетімді және әділ ету.

Құжаттарды формалды түрде қарастырудан бас тартып, адамның денсаулық жағдайын, функционалдық мүмкіндіктерін және нақты қажеттіліктерін жеке бағалауға көшуіміз қажет.

Біздің басты қағидатымыз: адам жүйеге бейімделмеуі керек, керісінше, жүйе адамға қызмет етуі тиіс.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1337023?lang=kk