Маңғыстау облыстық сот сараптамалары институтында мәйітті зерттеуге арналған заманауи компьютерлік томограф орнатылды. Жаңа құрылғы сот-медициналық сараптама жүргізудің мүмкіндіктерін кеңейтіп, мәйітті ашпай-ақ ішкі ағзалары мен сүйек құрылымдарын зерттеуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай институтқа барып, жаңа жабдықтың жұмысымен және техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Компьютерлік томограф Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалына жеткізілген. Құрылғы толық іске қосылғаннан кейін мамандар мәйітті сканерлеу арқылы ішкі ағзалар мен сүйек құрылымдарының жай-күйін зерттей алады. Бұл сараптама қорытындыларының дәлдігін арттырып, зерттеу жұмыстарын жетілдіруге ықпал етеді.
Кездесу барысында филиал басшылығы сот-сараптама саласын дамытуға және мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көрсетілген қолдау үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі