Минск, 2026 жылғы 24 қараша – Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде (БМПУ) қазақтың көрнекті жаңашыл педагогі, жазушы, Қазақстандағы зайырлы білім берудің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына арналған «Ағартушының жолы: Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара Ыбырай Алтынсарин атындағы Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығында Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықовтың, БМПУ-дың бірінші проректоры Светлана Коптеваның, академиялық орта өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттары мен студенттерінің қатысуымен өтті.
Қазақстан Елшісі өзінің құттықтау сөзінде Ыбырай Алтынсариннің ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына, педагогикалық ой-пікірдің дамуына және қазақ халқының ағартушылық жолына қосқан баға жетпес үлесін атап өтіп, оның бай рухани және шығармашылық мұрасының бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағанын ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударылды. Т.Жақсылықов екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға, қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауға және кеңінен насихаттауға белсенді үлес қосып келе жатқан БМПУ басшылығына алғыс білдірді. Осы орайда өткен жылы Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығына Ыбырай Алтынсарин есімінің берілуінің символдық мәні ерекше атап өтілді.
Іс-шара аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті басшылығының Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі мен оның педагогикалық мұрасының заманауи білім беру жүйесіндегі маңызына арналған құттықтау сөздері тыңдалды.
Ұлы ағартушының шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде оқу, сондай-ақ беларусьтік студенттердің театрландырылған қойылымы мен БМПУ-да тағылымдамадан өтіп жүрген қазақстандық магистранттар, аспиранттар және докторанттардың музыкалық өнер көрсетуі іс-шараға ерекше көрік берді.
Аталған іс-шара Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын Беларусь елінде кеңінен насихаттауға, гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі ел халықтары арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосты.