Әуеден де, жерден де: Қарағанды полицейлері жыл басынан бері 1 300-ге жуық экологиялық құқық бұзушылықтың жолын кесті

Әуеден де, жерден де: Қарағанды полицейлері жыл басынан бері 1 300-ге жуық экологиялық құқық бұзушылықтың жолын кесті

Әуеден де, жерден де: Қарағанды полицейлері жыл басынан бері 1 300-ге жуық экологиялық құқық бұзушылықтың жолын кесті

Қарағанды облысының Полиция департаменті браконьерлік пен экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың он айлық қорытындысын жариялады. Осы кезеңде тәртіп сақшылары табиғат қорғау нормаларын бұзудың 1 286 дерегін тіркеді.

Шалғай аумақтар мен су айдындарын толық қамту мақсатында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, автокөліктермен қатар әуеден — авиатехниканы тарта отырып патрульдеу жүргізді. Жыл басынан бері осындай 1 020-дан астам рейд ұйымдастырылды.

Табиғатқа айтарлықтай залал келтірген ең күрделі 17 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Атап айтқанда, балықты заңсыз аулау және жабайы жануарларды ату, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түрлерін өндіру және сату, ағаштарды заңсыз кесу, сондай-ақ жер қойнауын өз бетінше игеру фактілері анықталды.

Тағы 1 271 адам аң аулау, балық аулау қағидаларын бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 13 миллион теңгеден асты.

Тексеріс барысында құқық бұзушылардан моторы бар 4 қайық, екі жеңіл автокөлік пен мотоцикл, төрт шақырымға жуық браконьерлік ау, қол ара, тегіс ұңғылы мылтық, алты оқ-дәрісі бар револьвер, оқжатарымен пневматикалық тапанша, 24 газ патроны және екі суық қару (пышақ/қанжар) тәркіленді.

Сондай-ақ заңсыз олжаны өткізуге тосқауыл қойылды: екі жарым тоннадан астам шаян, 781 келі балық, алты жабайы қабанның тұтас еті, екі киіктің тұтас еті және осы дала жануарының 12 мүйізі алынды.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1335848?lang=kk