Қазақстан Отанына оралған этникалық қазақтарға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Көшіп келген отбасы құжаттарын реттеп, баспана мәселесін шешу, жұмыс табу және жаңа ортаға бейімделуі керек. Сондықтан көрсетілетін қолдау жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын да, әлеуметтік бейімделуге бағытталған көмекті де қамтиды.
Қазіргі уақытта тұрақты тұруға және қандас мәртебесін алуға үміткерлерге қатысты қолданыстағы пилоттық жоба аясында іріктеудің өлшемшарттарына негізделген бағалау жүргізіледі. Ол тестілеу, сауалнама толтыру және әңгімелесуден тұрады. Мұндай тәсіл үміткерлердің білімі мен кәсіби біліктілігін, еңбек тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді. Оның негізгі мақсаты – көшіп келгеннен отбасылардың жаңа ортаға бейімделуіне және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Бұл жұмыстың жергілікті жерде қалай ұйымдастырылғанын Ақмола облысы Ақкөл ауданында түсірілген бейнероликтен көре аламыз. Аудандық мансап орталығында қандастар қолдау шаралары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы кеңес ала алады.
Сонымен қатар мұнда оқыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Қазақ тілі сабақтарында ересектер кирилл әліпбиін меңгеріп, оқуға және жазуға машықтанады. Бұл дағдылар құжаттармен өз бетінше жұмыс істеуге, қажетті ақпаратты пайдалануға және күнделікті мәселелерді оңай шешуге көмектеседі.