«Қыс-2026» қалалық оқу-жаттығуы аясында Шымкент қаласындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында жылыту маусымында төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимылдар пысықталды.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, Абай ауданының Асар шағын ауданында орналасқан аурухананың жеке жылыту қазандықтарында өрт шығып, жылу-энергетикалық жабдықтар істен шықты. Соның салдарынан медициналық мекеменің жылумен қамтамасыз етілуі тоқтады.
Алғашқы кезекте адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Ауыр халдегі науқастар жедел медициналық жәрдем бригадаларының көмегімен әрі қарай ем қабылдау үшін басқа медициналық ұйымдарға жеткізілді. Сонымен қатар аурухана қызметкерлері мен басқа да науқастарды №90 мектеп-гимназиясына эвакуациялау ұйымдастырылды. Онда оларды қабылдау, қауіпсіз орналастыру және қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету тәртібі пысықталды.
Сол мезетте өрт сөндірушілер шарты өрт ошағын оқшаулау және сөндіру жұмыстарын жүргізді.
Жаттығуға Абай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы мен әкімдігінен, Полиция департаментінен, Білім және денсаулық сақтау басқармаларынан, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің 10 техника 93 адам жұмылдырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қысқы кезеңде төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл әрекет ету, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және барлық жұмылдырылған құрылымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру.