Бүгін Жезқазған қаласында «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» республикалық фестиваль-көрмесі өтті. Ұлытау облысының дін істері басқармасы ұйымдастырған іс-шара ұлттық киімді дәріптеуге, оны заманауи өмір салтымен үйлестіруге, сондай-ақ отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің шығармашылығын қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальдің құрметті қонақтары – белгілі журналист Дана Нұржігіт, Тұрар Саттарқызы және дизайнер Нұргүл Кенжебаева ұлттық киімнің қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңызы туралы ой бөлісті.
Фестиваль аясында Гүлнара Досенбаева, Гүлнұр Жарылханова, Дана Марленқызы және Нұргүл Кенжебаеваның ұлттық киім топтамалары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар «LEBIZ» жібек орамалдар топтамасы таныстырылды. Айгүл Төлеубаеваның «60+» жобасы аясында Ақтөбе қаласынан келген он қатысушы да подиумда ұлттық киім үлгілерін көрсетті.
Көрме-жәрмеңкеде ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар, жібек орамалдар, киізден жасалған бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Келушілер дизайнерлермен танысып, отандық шеберлердің еңбектерін тамашалауға және өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ фестиваль бағдарламасы аясында ұлттық нақышта кесте тігу және орамал тағу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Республикалық фестиваль ұлттық мұраны жаңғыртуды, дәстүр мен заманауи сәнді сабақтастыруды және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды көздейді.