Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Жем» теміржол аралығында «Мәскеу – Бішкек» бағытындағы жолаушылар пойызында оқыс оқиға орын алды.
Қырғызстан Республикасының азаматы абайсызда тоқтату кранын жұлып алған, соның салдарынан пойыз шұғыл тоқтатылды. Пойыздың жоспардан тыс аялдауы 19 минутқа созылды.
Осы факті бойынша Қандыағаш станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері 51 жастағы шетел азаматын қажетсіз ретте пойызды заңсыз тоқтатқаны үшін сәйкес жауапкершілікке тартты.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 15-і тоқтату кранын заңсыз әрі негізсіз жұлып алуға байланысты орын алған.
Мұндай әрекеттер пойыздар қозғалысының кестесін бұзып қана қоймай, жолаушылар мен пойыз бригадасының қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді, тіпті ауыр жарақат алуға әкеп соғуы мүмкін.
Осыған байланысты Көліктегі ПД азаматтарды теміржол инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар тоқтату кранның пойызды шұғыл тоқтатуға арналған құрал екенін және оны негізсіз пайдалануға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мұндай құқық бұзушылықтардың жолы қатаң кесіліп, кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.