«Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында Алматы облысы Әділет департаментінің Еңбекшіқазақ ауданының ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің филиалы «Тегін заң көмегі күні» акциясын өткізді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тек заңнама нормаларын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар азаматтарға нақты өмірлік жағдайларда бағыт-бағдар беріп, өз құқықтарын түсінуге және туындаған құқықтық мәселелерді шешу жолдарын табуға көмектесу.
Акция барысында азаматтарға атқарушылық іс жүргізу, берешекті өндіріп алу, сот актілерін орындау, банк шоттарынан тыйым салуды алып тастау, сондай-ақ әділет органдарының құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша тегін заң консультациялары берілді.
Әрбір өтініштің артында – өз тарихы, ал әрбір құқықтық мәселенің артында – мұқият тыңдауды және түсінікті, кәсіби жауап алуды қажет ететін адам тұр. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше. Кейде заң талаптарын дер кезінде түсіндіру азаматтарға артық әуре-сарсаңнан, ұзаққа созылатын даулардан және құқықтық қателіктерден сақтануға мүмкіндік береді.
Заң тек орындалуға міндетті талап қана емес, ол әрбір азаматқа түсінікті болуы тиіс. Ал заңгердің міндеті – заңды білу ғана емес, оны азамат өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын және әрі қарай қандай әрекет жасау керектігін түсінетіндей етіп жеткізу.