Қолжетімді профилактика: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен атаулы жұмыс

Қолжетімді профилактика: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен атаулы жұмыс

Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл тек қауіп-қатерлерді анықтаумен шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – қоғамда радикалды идеологияларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру. Мұндай иммунитет құқықтық және діни сауаттылық, сыни ойлау, медиамәдениет, сондай-ақ ақпараттық манипуляциялар мен деструктивті ықпалдарды өз бетінше ажырата білу қабілеті арқылы қалыптасады.

Бұл ретте дәстүрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының аясынан тыс қалып қоятын халықтың жекелеген санаттарымен профилактикалық жұмыс жүргізудің маңызы ерекше. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, атап айтқанда базар сатушылары, жүргізушілер, қызмет көрсету саласының өкілдері, жеке шеберлер мен фрилансерлер бар.

Бұл санаттағы азаматтардың басты ерекшелігі – еңбек қызметінің мобильді сипатта болуы және тұрақты жұмыс орнының болмауы. Мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлерінен айырмашылығы, олардың алдын ала жоспарланған семинарлар мен дәрістерге қатысу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Себебі жұмыс кестесі тұтынушылар ағынына және күнделікті табысқа тікелей байланысты.

Осыны ескере отырып, Абай облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мамандары аталған аудиториямен жұмысты олардың еңбек жағдайына, қажеттіліктері мен өмірлік ерекшеліктеріне бейімдеп ұйымдастырады.

Формалды дәрістерден ашық диалогқа дейін

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыстың негізгі қағидаттарының бірі – профилактикалық іс-шаралардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Азаматтарды арнайы ұйымдастырылған аудиторияларға шақырудың орнына ақпараттық-түсіндіру топтарының (АТТ) мамандары олардың жұмыс орындарына барып, тікелей кездесулер өткізеді.

Сауда орындары, базарлар, автопарктер, қызмет көрсету нысандары және басқа да қоғамдық кеңістіктер тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнататын алаңдарға айналады.

Бұл ретте ұзақ дәрістерден гөрі қысқа әңгімелесу, жеке кеңес беру және ашық диалог форматына басымдық беріледі. Мұндай тәсіл азаматтарды негізгі жұмысынан алаңдатпай, қажетті ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.

Кездесулер барысында мамандар дәстүрлі діни құндылықтар мен деструктивті псевдодіни идеологиялардың аражігін ажырату, діни әдебиеттер мен атрибутиканы таратуға қатысты заңнама талаптары, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі теріс пиғылды топтардың арбау белгілерін анықтау жолдарын түсіндіреді.

Сонымен қатар жеке және цифрлық қауіпсіздік, діни мазмұндағы ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және тексерілмеген мәліметтерді таратпау мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Жеке жұмыс – сенім қалыптастырудың негізі

Тәжірибе көрсеткендей, әрбір адам діни мәселелерді бөгде адамдардың қатысуымен ашық талқылауға дайын бола бермейді. Сондықтан мамандармен жеке сөйлесуге мүмкіндік беретін нысаналы профилактикалық жұмыс маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Көшпелі кездесулер барысында азаматтар теологтар мен дінтанушыларға діни сенім, отбасындағы түсініспеушіліктер, интернет уағызшыларының ықпалы және басқа да өзекті мәселелер бойынша жеке сұрақтарын қоя алады.

Мұндай формат проблемалық мәселелерді дер кезінде анықтап қана қоймай, әрбір жағдайдың ерекшелігін ескере отырып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда азаматтарға психологтарды қоса алғанда, тиісті мамандардан қосымша кеңес алу мүмкіндігі туралы ақпарат беріледі.

Жеке профилактикалық жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – адамның радикалды ықпалға қарсы жеке иммунитетін қалыптастыру. Ақпарат көздерінің сенімділігін тексеруді, шынайы діни білімді идеологиялық манипуляциялардан ажыратуды меңгерген және заңсыз әрекеттердің құқықтық салдарын түсінетін адам теріс пиғылды үгіт-насихатқа әлдеқайда аз ұшырайды.

Мұндай жұмыстың басты мақсаты – профилактикалық әңгімелерді формалды түрде өткізумен шектелмей, азаматтар өз мәселелерін ашық айтып, көмек сұраудан тартынбайтын және сенімді ақпарат ала алатын өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнату.

Ақпараттық материалдар: адам жадында сақталатын білім

Профилактикалық жұмыста Орталық мамандары әзірлеген ақпараттық буклеттер мен жадынамалар да маңызды орын алады. Олар ауызша түсіндіру жұмыстарын толықтырып, кездесуден кейін де азаматтардың қажетті ақпаратпен өз бетінше танысуына мүмкіндік береді.

Материалдар түсінікті тілде әзірленіп, күнделікті өмірде қолдануға бағытталған. Оларда интернет кеңістігінде деструктивті діни идеялардың таралу белгілері, діни ресурстардың сенімділігін тексеру бойынша ұсынымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасына қатысты түсіндірмелер қамтылған.

Әсіресе заңнамада белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған материалдарды таратқаны үшін көзделген құқықтық жауапкершілікке және діни әдебиеттер мен атрибутиканы өткізу кезінде заң талаптарын сақтауға ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар жадынамаларда Орталықтың байланыс деректері, консультациялық қызметтер туралы ақпарат және ресми ақпараттық ресурстарға сілтемелер орналастырылады.

Мұндай материалдардың практикалық құндылығы – оларды бірнеше рет пайдалануға болатындығында. Азаматтар буклеттерді сақтап, әріптестерімен, таныстарымен және отбасы мүшелерімен бөлісе алады. Осылайша профилактикалық ақпарат тікелей кездесудің аясынан шығып, халықтың кеңірек бөлігін қамтуға мүмкіндік алады.

Қоғамдық иммунитет әр адамнан басталады

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жүргізілетін жұмыс ақпараттық-түсіндіру қызметінің тиімділігі тек өткізілген іс-шаралар санымен емес, халықпен өзара іс-қимылдың сапасымен де өлшенетінін көрсетеді.

Бір санаттағы азаматтарға семинарлар қолайлы болса, енді біріне жұмыс орнындағы қысқа кездесулер, ал үшіншілеріне жеке кеңестер мен ақпараттық материалдар тиімді болуы мүмкін. Сондықтан профилактикалық қызмет икемді, нысаналы және азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған болуы тиіс.

Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандары халықты ақпараттандырумен қатар, радикализмге қарсы тұрақты қоғамдық иммунитет қалыптастыруға басымдық береді. Бұл – адамның теріс пиғылды топтардың арбау белгілерін өз бетінше анықтап, діни мазмұндағы ақпаратты сыни тұрғыдан бағалап, манипуляцияларға қарсы тұрып, саналы шешім қабылдай білу қабілеті.

Мұндай иммунитетті тек тыйым салу немесе бір реттік дәрістер арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Оның негізі – тұрақты диалог, қолжетімді білім, құқықтық сауаттылық, медиамәдениет және қоғам мен мамандар арасындағы сенім.

Түптеп келгенде, профилактикалық жұмыстың нәтижелі болуы адамның жай ғана ақпарат алуымен емес, деструктивті ықпалдарға өз бетінше қарсы тұра алатын дағдыларды меңгеруімен өлшенеді. Ал бұл үдерісте қоғамның бірде-бір әлеуметтік санаты назардан тыс қалмауы тиіс.

Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1335778?lang=kk