Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ғылыми-инженерлік қауымдастықты біріктірді

Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ғылыми-инженерлік қауымдастықты біріктірді

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Мұнай-газ инженерлері қоғамының (Society of Petroleum Engineers, SPE) жыл сайынғы Каспий техникалық конференциясы мен халықаралық көрмесі ашылды. SPE Caspian 2026 конференциясына энергетикалық компаниялардың, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ сала инженерлері мен халықаралық сарапшылар қатысады.

Биылғы конференция «Ресурстар әлеуетін ашу: жауапты басқару арқылы құндылықты арттыру» тақырыбына арналған. Үш күндік бағдарламаға 26 техникалық сессия, пленарлық отырыстар, стратегиялық пікірталастар және халықаралық технологиялық көрме кіреді. Қатысушылар мұнай-газ саласындағы қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін, жаңа инженерлік шешімдерді, өндірісті цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашудың маңызын атап өткен болатын. Олардың білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалары өнеркәсіптің басым бағыттарындағы сұранысқа сай әзірленуге тиіс. Осы бағытта университет білім беру бағдарламаларын өндіріс қажеттіліктеріне бейімдеп, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жетілдіріп келеді. Мамандар даярлауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеруге, зерттеу дағдыларын дамытуға және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға басымдық беріледі.

Халықаралық көрмеде университет ғылыми әзірлемелерін және кәсіпорындармен ынтымақтастық бағыттарын таныстырды. Конференция шетелдік жоғары оқу орындарымен және салалық компаниялармен ғылыми байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізу жөнінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Конференция бағдарламасына мектеп оқушылары мен педагогтерге арналған Energy4me халықаралық білім беру бастамасы да енгізілген. Бағдарлама жаратылыстану ғылымдарына, технологияға, инженерия мен математикаға (STEM) қызығушылықты арттыруға және оқушылардың инженерлік ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған.

SPE Caspian 2026 халықаралық конференциясы мен көрмесі 26 қарашаға дейін жалғасады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1335773?lang=kk