Туған өлкені танытқан орталық
Туған жердің табиғатын танып, тарихын зерделеу, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағыты. Ақжайық ауданында осы мақсатты жүзеге асырып келе жатқан білім ошақтарының бірі – аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығы. Тәуелсіздік жылдарында іргесі қаланған мекеме бүгінде мыңдаған оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың спортқа, экологияға, өлкетану мен туризмге қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.
2005 жылы ашылған орталықтың жұмысы туристік жорықтар, табиғатты зерттеу, туған өлке тарихын тану және спорттық жарыстар ұйымдастыру бағытында дамыды. Орталықтың алғашқы жетістіктері де көп күттірмеді. Жыл сайын облыс рейтінгінде орталықтың үздік танылуы ұжымның нәтижелі жұмысының айқын көрсеткіші болды.
Уақыт өткен сайын орталықтың мүмкіндігі артып, педагогикалық әлеуеті нығайды. 2007 жылы мұнда 67 педагог еңбек етіп, аудан оқушыларының 27 пайызы қосымша біліммен қамтылса, бүгінде педагогтер саны 108-ге жетіп, қамту көрсеткіші 41,2 пайызды құрады. Қазіргі таңда аудан бойынша 2948 оқушы орталықтың түрлі бағыттағы үйірмелеріне қатысады.
Туризм орталығының жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Жаяу, су, велосипед және тау туризмі, спорттық бағдарлау, экология, геология, өлкетану, музей ісі, бард әндері мен спорт үйірмелері балалардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай дамуына мүмкіндік береді. Әр бағыттың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Бірі табиғат аясында шыдамдылық пен ептілікке баулыса, енді бірі туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге жетелейді.
Бұл жұмыстардың нәтижелі жүргізілуінде ұстаздардың еңбегі ерекше. Орталықта еңбек ететін 108 қосымша білім беру педагогінің арасында 6 педагог-зерттеуші, 17 педагог-сарапшы және 34 педагог-модератор бар. Сонымен қатар ұжым құрамында Қазақстан Республикасы туризмінің құрметті қызметкері мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы еңбек етеді.
Орталық тәрбиеленушілері спорттық туризмде де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Аудан оқушыларының арасында туризмнен спорт шеберлігіне жеті үміткер бар. Ал қосымша білім беру педагогтерінің екеуі – туризмнен спорт шебері.
2005 жылы ашылған орталықтың бүгінгі туған өлкені кеңінен танытқан білім ордасына айналуы – тәуелсіздік жылдарындағы жүйелі дамудың нәтижесі. Педагогтер санының өсуі, үйірме бағыттарының кеңеюі, облыстық деңгейдегі жетістіктері мен спорттық туризмдегі табыстары осы жолда атқарылған еңбектің нақты көрінісі.